12.05.2022
  145


Автор: Сабырхан Асанов

Жүрген бұл жанның бәрі өлер...

Жүрген бұл жанның бәрі өлер,
жасы да өлер,
кәрі өлер.
Біреудің сәби баласы,
біреудің ыстық жары өлер.
Біреудің бағы, бары өлер,
біреудің ождан, ары өлер,
бар жүгін жалғыз көтерген,
біреудің атан-нары өлер.
Біреудің атқан таңы өлер,
біреудің айтар әні өлер.
Біреудің айбар, айбатты,
біреудің көрік, сәні өлер.
Біреудің жұпар гүлі өлер,
біреудің жарық күні өлер.
Жұлдызы жайнап, самсаған,
біреудің самал түні өлер.
Бұлағы өлер,
тауы өлер,
бұлбұлы өлер,
бауы өлер.
Біреудің қимас қызығы,
біреудің бітпес дауы өлер.
Қиналған жерде дем берер,
біреудің екпін, желі өлер.
Біреудің шырын, балы өлер,
біреудің байлық, малы өлер...
Бірі де аман қалмайды,
тұрғанда мынау қара жер!





Пікір жазу