12.05.2022
118
«Тасбұлақ» басында
Басында қайнап жатқан «Тасбұлақтың»,
қайнадым мен де өзімше тасқын аттым.
Көзді де,
көкіректі де малған нұрға
демеймін «Тасбұлақты» босқа ұнаттым.
Ай-һайлап аунап жатты алаңда әркім,
аунамай мен несіне алаңдармын.
...Көрінді көктем сонда неге көркем,
көңлі ме қасымдағы адамдардың?!
Жырласа дәл төбеме бозторғай кеп,
мақтаған бұл өлкені достарда ой көп.
...Құлаған қарсы беттен қора қойдың,
қозысы көрінеді қошқардай боп.
Еңбегін бағалап жүр Отан-ана,
көкірек бостан-босқа от ала ма:
Елге еткен еңбегінің арқасында,
сөйлейді есіп-есіп шопан аға