12.05.2022
  146


Автор: Сабырхан Асанов

Ұйықта жаным

Ұйықта жаным,
өмірде көп шаршаттым білем сені,
ұзақ жылдар көтертпей бір еңсені.
Көп жүгірте берместен көр-жерлерге,
соңғы кезде қорғаштап жүрем сені.
Ұйқта жаным,
сен сөйтіп бір демінді ал,
теріс болмас мұны да білгенің дәл:
бұл өмірде
қаншама ренжісең,
бұл өмірде
соншама күлгенің бар.
Арман деген ауылды аралатқым
келіп еді
оған да жарамаппын
ұзақ жылдар көз ілмей мені бақтың,
ұзақ жылдар көз ілмей бала бақтың.
Бала өсті,
мен де ес жиып қалдым,
сен үшін өз орнында сүйікті әркім.
ұйқта жаным,
әбден бір қанғанша ұйқың,
есесіне мен аздау ұйықтармын.
Дем алуға хақың бар дәл осындай,
қазақтың қамсыз жатқан даласындай.
Түрің қандай жайнаған түк қайғысыз,
демінді де асықпай аласың жай.
Кеш қонақтап,
күн де кеп батысымен.
ұйқта жаным,
жайлы осы жатысыңмен,
немерелер жетеді улап-шулап,
жетеді олар аппақ таң атысымен
Бәрі жақсы көреді бір өзінді,
Бір өзінді жұп-жұмсақ мінезінді.
Көрсе сені көздерін ала алмастан,
жүректері бәрінің бір езілді.
Махаббат бар бәрінің қарасында,
иіскейсің бір-бірлеп аласың да.
Жақсы көрем-ау сені әлге дейін
мен де жүрем солардың арасында...





Пікір жазу