Әйел
Еркектен мықты әйелдер,
жасауға келгенде ерлікті.
Болсын ол қай жер, қай елде,
асыра түсер елдікті.
Қиылып тұрсын қас, қабақ,
маңдайдан қанша тер шықты.
Қос оған басы асқақ, ақ,
Алатау адамгершілікті.
Билемес бойын бос қайғы,
қуатын жүрек азық қып.
Қостайды, оны қостайды,
үлбіреп гүлдей нәзіктік.
Кеудесі көктен әрі асып,
тұрмайды ол бекер ісініп.
Әйелге әбден жарасар,
кішілік пенен кісілік.
Аяулы бірін ана ғып,
алсақ та біріне үйленіп,
әйелден біздер қалалық
ерлікті нағыз үйреніп.
Бар жұртқа бауыр, дос қашан,
бетімен ауыр қалқымас.
Белін бір буса, ешқашан
еркекке ұқсап толқымас.
Көрген жоқ одан құт қашып,
қаласың көрсең, бір жасап.
Әлемнің берік тұтқасы,
әйелді болар жырласақ.
Сізде, апай, мәртсіз, ірісіз,
сол жақсы жандар көзісіз.
Ол екеу болса, бірісіз,
ол біреу болса, өзісіз...