12.05.2022
125
Алматым, сағынамын...
Алматым, сағынамын
аз күнге кетсем сенен,
болмас па бұл өмірден
айналып өтсем сенен.
Сәтім жоқ қайда жүрсем,
қамығып ойға алмаған,
мұншама ып-ыстық қып
кім сені қойған маған.
Көңілге қара торын,
күн сайын құрар қайғым.
Ойпырмай бұл не сұмдық.
көрмесем, тұра алмаймын.
Өзіңсіз мына тірлік
бағасы– тиын екен.
Қызға емес, қалаға бұл
ғашықтық қиын екен.
Жырақта жатуға бұл,
жоқ менің бір күн шамам.
Кеселдің кесірінен
жете алмай жүрмін саған.
Жазды да бітірермін
деуменен өтші күнді:
Кеудеңе бетім басып,
басармын өксігімді...