11.05.2022
  196


Автор: Сабырхан Асанов

Сен неғып тұрсың, Алатау...

Сен неғып тұрсың, Алатау,
басынды аппақ қар басып,
өтіп те жатты не заман,
қасында сенің арбасып.
Қанша бір тұлпар болса да,
тұяғы қалай сынбасын,
қанша бір сұңқар болса да,
қанаты қалай талмасын?!
Тұрасың ыңғай маңқиып,
қарап бір мынау әлемге,
бірдей бір қарап бар халық,
бірдей бір қарап бар елге.
Қиқу да қиқу күн кешіп,
Өткен сол ата-бабадан,
қойны бір қоншың тола ма,
біздерге жеткен сәлемге.
Тұра бер тауым, тұра бер,
талайға әлі қарарсың,
талайдың көңлін аулауға,
талай бір ғасыр жарарсың.
Бізден де кейін келетін
қанша бір қанша ұрпаққа,
бізден де қалған сәлемді
бір өзің айтып барарсың.
Сондықтан мәңгі тұра бер,
қабыл ап мезгіл жарлығын,
куә етер қанша күлкі мен
куә етер қанша зарлы күн.
Өткінші жаңбыр секілді,
өткінші мына өмірде,
біздерге медеу, жұбаныш,
бір сенің ғана барлығың...





Пікір жазу