Махамбеттің ханға айтқаны
Бұл Жайықта асқан кім бар өзімнен,
бір халқым деп айрылдым-ау төзімнен.
Мал мен тағың қанша қызықтырғанмен
садаға кет жалғыз ауыз сөзімнен.
Ата-баба дәулетімен алшаңдап,
сен әзірге алсаң бақыт, алсаң бақ.
Мен жарқырап күнге айналған кезімде,
жарар еді-ау көлеңкем боп қалсаң да.
Кіресілі-шығасылы есі бар,
ел де бәлкім, қадірімді кеш ұғар.
Мен өлмесін десең егер мәңгілік,
«Қараойға» кеп,ғазиз басты кесіп ал.
Қара түндер қарақшылар өңмеңдер,
Мекке болар мені олар көмген жер.
Қанша ғасыр халық шұбар басыма,
жеңеді өстіп өлмегенді өлгендер.
Гүл егілер мен жатқан қыр, ойға да,
өтер онда аза емес, той ғана.
Қарсы келсең,боларың хақ қарабет.
қасиетті қара сөзбен ойнама
Ал, әзірге жайнап, жанып тұр тағың,
қанша мықты болса да, оны құртамын.
Маған қанша алғыс айтып, арнаса,
саған сонша қарғыс айтар ұрпағың!