Ордабасы жырлары
Бірінші жыр
Ордабасы, асқақтаған ата жер,
құрметпенен бүгін бір тіл қатады ел.
Бірлігімнің, тірлігімнің басы боп,
оттай жанған Оңтүстікте жата бер.
Жанарымды жібермейсің арбап тым,
алты алашқа аты кеткен ардақтым,
Қасиеттім, қанша даудан құтқарған,
топырағыңа тәжім етпей қалмақ кім?!
Атақ-даңқың аспан-көкпен теңессе,
қанша ғасыр сақтап қалды ел сені еске.
Төле,Қазыбек,Әйтеке би ізімен,
бар жайсаңым басын қосты кеңеске.
Арасында бар қаншама тарланым,
арқалаған атам қазақ арманын.
Жүрегінен жыр жаратқан ақын бар,
тебіренткен терең ойды бар ғалым.
Асқарлары ақылдың да, ардың да,
аласармас айдай әлем алдында.
Әкім малшы, дихандар жүр жадырап,
ел сұлтаны– Нұрсұлтан да бар мұнда.
Бәрі-бәрі,
бәрі саған келіп тұр,
бәрі келіп құшағыңа еніп тұр.
Балуан да білектерін сыбанса,
бәйге іздеген жүйріктер де желікті.
Ән-жырыңды аспандат та әуелет,
бір сағыныш тұр кеудеде мәуелеп.
Думанынды досың көріп куансын,
Ерлігінді бағаласын жау ерек.
Ай астында алтыбақан тебілсін,
кімдер оны қызықтаудан ерінсін.
Көптен бері дұға-тілек жетпеген,
Батаңызға аруақтар бөгілсін.
Үш данаңа берілгенде ас мұнда,
қарақұрым жұрт айналсын тасқынға.
Қаптап мына Қырға, Сырға сыймасын,
тілегі осы кәрінің де, жастың да.
Бірі қалмай саған сәлем жолдайды ел
өзіңде өтер аз қызықты молдай гөр,
Бір кездері бабаларды қолдаған,
Ордабасы, біздерді де қолдай гөр,
Ордабасы, біздерді де қолдай гөр!
Екінші жыр
Әулиелер,
Пайғамбарлар,
Асқарлар,
Патшаданда,
Басқадан да асқандар.
Бар қазақтың басын қосып кеткендер,
бар дұшпанның көкірегін басқандар.
Ғұламалар,дариялар,даналар,сендербардеп,
ұрпақ күтті аналар.
Кең далада қалың орман болдыңдар,
Қырғи қуған торғай келіп паналар.
Бірің– төбе, Төле би боп аталдың,
Қазыбек би– алды болдың қатардың.
Әйтеке би, өзің аман тұрғанда,
көз алартып қарауға әсте батар кім?!
Алаулаған ақ таң туса алдан көп,
аңсаған ел одан көзін алған жоқ.
Өздерің кеп кеңес құрған бір кезде,
Ордабасым дейтін жерде арман жоқ.
Сеңдерді іздеп кімдер оған барған жоқ,
кімдер барып,
риза боп қалған жоқ.
Өздеріндей өткен ата-бабасы
бұл күндері біздерде де арман жоқ,
бұл күндері біздерде де арман жоқ!
Үшінші жыр
Әні бар. Композитор Мыңжасар Маңғытаев
жазған. Ол ән Ордабасыда өткен ұлы жиында
Қазақстан мемлекеттік әнұранынан кейін
екінші боп орындалды.
Әруақты бабалардың мекені,
белгілі ғой берекелі екені.
Атақ – даңқы бұрыннан да бар еді,
Атақ – даңқы қазірде оның жетеді.
Барлық казақ соңдарынан ергендер,
бар қазақтың жолын тауып бергендер.
Миуабақ мына жатқан жалғаннан
бар қазақтың несібесін тергендер!
Бар қазақпен бірге еріп, көшкендер,
бір боп мәңгі,
біте қайнасып өскендер.
Бар қазақтың қамын ойлап, қамығып,
бастарынан ұйқысыз түн кешкендер.
Қаһарларың қас дұшпанды құлатқан,
қамқор үнің кетпей қалған құлақтан,
Сендерсіңдер асқандарға тосқан боп,
жетім менен жесірлерді жұбатқан.
Бұлғандаған қыздарды да өсірген,
басу айтқан жігіттерге есірген.
Арамдардың алдын орап аттатпай,
аңқаулардың аңғалдығын кешірген.
Сеңдерсіңдер Алатаулар– биіктер,
алдарыңа қанша қарыз сүйікті ел.
Сендерсің – қасқырлардан қорғаған,
қорықпастан қырда ойнаса киіктер.
Күнде шығып,
көк те жанып, қайнаса,
сендер барда тұтылмайды ай да аса.
Сендерсіндер сеніп арқа сүйері,
ақын біткен бұлбұл болып сайраса.
Сендер бар деп,
самал да ескен, жел ескен,
сендер бар деп,
балуандар белдескен.
Сендер бар деп сәби тыныш ойнаған,
жатса дағы сөзге тілі келместен.
Қайырмасы:
Ордабасы – қасиетті жер аты,
Ордабасы– жердің сұлу жәннаты.
Ордабасы– болашақка, биікке,
қазағымның алып ұшар қанаты.
Сай-салалы кең даланың көсілген,
самалы бар ертелі-кеш есілген.
Бір кез мұнда мәлім болып тағдыры,
бір кез мұнда жүрер жолы шешілген.
Алауласа еркіндіктің нұр таңы,
Ерлік жыры жаңғыртады қырқаны,
бірлік жыры жаңғыртады қырқаны,
шырқайды оны Ордабасы ұрпағы!