11.05.2022
  112


Автор: Сабырхан Асанов

Кең төсіне қаптатып қала салған...

Кең төсіне қаптатып қала салған,
кең даламның, білемін, болашағы
– ән.
Егемендік алғанға елтіп жүрмін,
есін жияр болмаса бала
-шағам.
Бұлғаңдаған қараңыз бойға мына,
кіріскен бір жандаймын той қамына.
Халқым күліп жатқанда сөз болып па,
қарынның бұл ашқаны, тойғаны да.
Тарықсақ біз біраз жыл тарығармыз,
есесіне, құлдықтан арылармыз.
Атам қазақ айтқандай сосын, сосын,
ақ түйенің қарны боп жарылармыз.
Ата дала,
аяулы ана дала,
қамқор дала,
қашаннан пана дала,
құл боп онда жүргенше қарным тойып,
аштан өліп қалмаймын неге ғана?!
Қаншама сыр мұңыма қосқан мұңын,
сүйіншім бар сұрайтын достан бүгін.
Сахарамда самаладай еркін ескен,
бостандығым,
ол менің бостандығым





Пікір жазу