11.05.2022
  131


Автор: Қаршыға Есімсейітова

Тас мүсінмен сырласу

Қасыңа кеп жыр – шумақ гүлін ектім,
Тас мүсінге иіліп тағзым еттім.
Сайқымазақ қоғамды сынай жүріп,
Ескерткішке айналып Өзің кеттің...
... Қоғам, заман алмасып дөңгеледі,
Қайшылыққа тек пенде көнген еді.
Асқар ата сын садақ қолына алды,
Сатира жебесімен жөндегелі.
Өмір сүрген қоғамын мадақтады,
Арқалы ақын атанды санаттағы.
Фельетондар ағылып қаламынан,
Сатира – жебелері садақтағы.
Сен түсінген заман да кетті кейін,
Әрбір қоғам өзінше епті деймін.
Сен қорғаған идея, мақсат, мұрат,
Төңірекке қанша нұр септі деймін?!
Мен де солай өткенді ешкелеймін,
Кертартпа деп біреуге өкпелеймін.
Әр заманның бұлбұлы сайрайды екен,
Әуенімен, кінәла, текке мейлің!
Сенің жырың бір бөлек, мен де бөлек,
Құрметтеуде қалың ел Сені елеп,
Сырдың суы сыңғырлап бүлк – бүлк күлер,
Сенің жырың сенілді елден ерек.
Асқар сыны – халқының емі болды,
Замана леп үп еткен демі болды.
Түзеймін деп қоғамның кем-кетігін,
Сенің жырың семсердің теңі болды.
Тас мүсінге қараймын, айналамын,
Еңбегіңді елеулі ойға аламын.
Сезетіндей қарайсың сыр – қалаға,
Астана боп 80 жылын тойлағанын.
Жаның, рухың, жырларың бізбен бірге,
Қазақ елің, тәуелсіз жайды ірге.
Сен жырлаған, қорғаған кедей- кепшік,
Дөңгелетіп жүр қазір бірді - бірге.
Сен адалсың, өзіңнің заманыңа,
Бай – құлақты таптадың табаныңа.
Жырыңменен от шашып жарқылдадың,
Кеңес туы желбіреп алабыңда.
Сонан бері алмасты талай көктем,
Талай қыстың бораны соқты өктем.
Соның бәрі тарих боп жазылыпты,
Асқар ақын, басыңнан сенің өткен.
Ғасыр бұрын шыр еткен жас нәресте,
Өткен өмір ғажайып бәрі де есте.
Жүзге келіп, халқыңды қуантасың,
Бүр жарғандай қайтадан кәрі десте.
Асқар ата құрдасы ғасырының,
Таудай алып бейнеңе жасырындым.
Мен де бүгін жыр оқып сауал айттым,
Биігінен өзімнің ғасырымның,
Тас мүсінге тағзым ет, кейінгі ұрпақ,
Сынығы деп өткеннің асылының!





Пікір жазу