11.05.2022
147
Қоңыр күзде қоңыр тартып көңілім...
Қоңыр күзде қоңыр тартып көңілім,
Сарғаяды жапырақтай өмірім.
Түсінетін бір жан іздеп өзімді,
Араладым, туған елдің өңірін.
Шыға алмадың сен де алдымнан күлімдеп,
Туған жердің құштым жалғыз гүлін кеп.
Жаным саған ұмтылғанмен шырылдап,
От - сезімнің көрдім қалған күлін тек...
Жұлдыздар да солғын тартты көктегі
Күз желінің суық тиді өпкені.
Тамшыларды моншақ қылып тіземін,
Оралар деп көңілімнің көктемі.
Қоңыр күзде тоңазыды от - денем,
Жылыта алмас оны ешкім отпенен.
Менің жаным ала - құйын - бұрқасын,
Түсіне алмас бастарынан өтпеген.
Арасынан Сені көрем ақ нұрдың,
Өте алмаймын өткелінен тағдырдың.
Жүрегімді жыр қыламын бөлшектеп,
Көнгеннен соң дегеніне Хақ - нұрдың,
Арасынан Сені көрем ақ нұрдың...
Айналғандай дәл өзіне Бақ - Нұрдың...