Бауыржанға
Қатынға бір жалтақтап, кеңсеге бір,
Жүргенімде басады еңсені өмір.
Қалт-құлт еткен ағаңның қаламынан,
Қарағым-ау, күтесің сен шедевр.
Шынымен-ақ сен менің шәкіртімсің,
Жалғастырып араны жатыр тылсым.
Құдай сүйер қылығың жоқ сенің де,
Ішіңмен де, сыртыңмен жақынсың тым.
Сен емессің сыпайы, жорға бала,
Кейде құрып қоясың торды ағаңа.
Сені ойласам, менің де дейтінім бар:
«Сорқұдыққа қондым-ау сорға бола».
Көздеріңнің ұнайды оты маған,
Отсыз сөніп қалмай ма ақын адам.
Сен айтысқа шыққанда уайымдаймын,
Кетсе екен деп аман-сау сахнадан.
Сен де қырсық, Бауыржан мен де қырсық,
Мені жөнге салады жеңгең ұрсып.
Артық кеткен жерлерім еске түссе,
Дөңбекшимін төсекте енді ыңырсып.
Өгіз өлді демейсің, арба сынды,
Өрге сүйреп жүресің өр басыңды.
Сен айтыста ойнайсың ажалменен,
Бүркітпенен ойнаған қарға сынды.
Бауыржан көп, әлі де жоқ ұшығы,
Солар жақтан жетеді соғыс үні.
Ибрагимов, Жақыпов, Омаров, сен,
Бәрің бір-бір секілді Момышұлы.
Бәрі дайын мылтықты бір атарға,
Атыңа сай бола алсаң – мұрат ол да.
Ойнап жатыр ағаңның тағдырымен,
Бір Бауыржан (Байбеков) «Нұр Отанда».
Табаннан су өткенмен бауырдан сыз,
Ешкім бізге дей қоймас, тәуір жансыз.
Бауыржансыз оңайлау болғанымен,
Өмір мәнсіз секілді Бауыржансыз!
Мені ұстаз тұтасың. Рахмет,
Ұстазды да таңдайды бір-ақ рет.
Саған ұстаз болу да – бір қиямет,
Маған шәкірт болу да – бір ақырет!