10.05.2022
  209


Автор: Жүрсін Ерман

Айтыс

Көңілімде сілкінгенмен қыран құс,
Зыр жүгірдім– баладай боп тіл алғыш.
Түн жамылып қайттым үйге мен талай
Бір адамнан ести алмай бір алғыс.
Жеткізем деп жүректерге жыр үнін,
Жеткізем деп елге айтыстың дүбірін.


Бар ғұмырды осы айтысқа арнадым
Бар секілді менің артық ғұмырым.
Шүберекке түйдім талай жанымды,
Сонда менің кім сұрады халімді.
Шатқаяқтап ішіп келген ақындар
Шарап емес,
Ішті менің қанымды!
Түлетем деп дәстүрім мен салтымды
Мысыңды– мыс,
Алтын дедім– алтынды.
Көрінгеннің күңкіліне түкірдім
Қуантуға жарап жүрсем халқымды.
Өмір деген– тартыс,
Кейде– төбелес,
Тауқыметін аямады менен еш.
Рас, талай сұрап алдым машина,
Тартып алған кездерім де жоқ емес!
Айтыс үшін– жылпоспын мен, ептімін,
Айтыс десе– тау жығардай екпінім.
Сайтанмен де тіл табысқан кезім бар
Осы айтысқа тиер болса септігім.
Сауға сұрап оқпанынан озбырдың
Талай-талай табалдырық тоздырдым.
Бағы жанбай жүрген талай жүйрікті
Топқа салып, Тайбурылдай оздырдым.
Шын жүйріктер шықпай қалса финалға
Арқасынан қағып, дедім «қиналма!».
Дұшпаным да көбейгенін білемін
Қазыларды қайрылтам деп иманға.
Айтыс десе– алаңдамас қай кісі,
Неге керек қылыштардың қайқысы,
Неге керек– мылтықтардың мықтысы
Аман болса ақындардың айтысы!
Қайран айтыс– қазағымның сертіндей,
Сенің күйің қалмаса екен шертілмей.
Сені ешкім де жоя алмайды, айтысым,
Ең алдымен бізді жоқ қып өлтірмей!





Пікір жазу