Баялыш
Біледі бүгін кім атын,
Бізге де бұл бір баяғы іс.
Тастақтау жерге шығатын
Бұтаның аты– баялыш.
Бұлдырап қалған елес ең,
Зәуіде жүрек сыздатқан.
Нәсілі бұта демесең,
Баялыш ауыр– жүз батпан.
Ауылдың алсам дерегін
Кетеді шарлап ой алыс.
Қайқаңдап қоя беремін
Арқама батып баялыш.
Көз емес,
Көңіл тапқандай
Елесті сол бір аяныш.
Арқалап келе жатқандай
Шешеміз қырдан баялыш.
Шығарам қалай оны ойдан
Апашым үйге бір келмей,
Сорғалап тері самайдан
Баялыш шауып жүргендей.
Тұрмыс та жүдеу,
Қол қысқа.
Жоқ бізде өзге таяныш.
Не болар едік сол қыста
Болмаса тау-тау баялыш.
Жанатын маздап ошақта
Бытырлап қара баялыш.
Үрпиген сәби болсақ та.
Ұшатын самғап ой алыс,
Сөнбейтін шоғы бір таңға
Болғанмен ақ қыс,салқын күз.
Баялыш, сенің арқаңда
Оттылау болдық бәлкім біз.
Табына оттың қақталып,
Албырап кешкен шақ қандай.
Жылуың бойда сақталып,
Қыздырып келе жатқандай.
Жылдардан кейін соншама
Санама менің жетті нық:
Нәсілің бұта болса да,
Бар екен сенде тектілік.
Әкемнің көзі деп біліп,
Шешемнің өзі деп біліп,
Отырмын енді отыңа
Көзімнің жасын кептіріп!