10.05.2022
  152


Автор: Жүрсін Ерман

Ұшақта

Ұшып барам үстіңнен, туған ауыл,
Сенде жайма-шуақ па?
Мұнда– дауыл.
Мамыражай қалпыңда сен жатасың,
Қуға– жолдас,
Болдым мен сұмға– бауыр.
Жүрегімді сағыныш жаралы етіп,
Барам ұшып,
Үстіңнен барам өтіп.
Өңменімнен біреудің сөзі өтеді,
Біреулердің барады арағы өтіп.
Артық едің, ауылым, көп тұрақтан,
Сезінеді жүрегім дертті батпан.
Терезеден емініп қарасам да
Көрінбейді қырдағы төрт құлақ там.
Көрінбейді қырқа да, бел де жасыл,
Буырқанды-ау армандар мендегі асыл.
Әрі-бері төбеңнен ұшам, ауыл,
Болмайын деп бұйығы елге масыл.
Менің мінім болса егер– толды өзіңмен,
Қара маған, ауылым, оң көзіңмен.
Өтіп барам үстіңнен.
Тек бір күні
Өтіп кетіп жүрмесем болды өзімнен.
* * *
Ақын, әкім болуы міндет кімнің?
Мен осынау сауалды індеттірдім.
Ешкім болмай, Туған жер, бір тауында
Аршаң болып келеді гүлдеп тұрғым.
Көз тойғанша көруші ем қырдың гүлін,
Қыр гүлінен көшірдім жырдың нұрын.
Ешкім болмай,
Туған жер, жапандағы,
Неге бола салмадым бір жыңғылың.
Іздеп шыққан жан едім жыр құмарын,
Қайталаумен келемін қырдың әнін.
Адам болып алдамшы күн кешкенше
Суалмайтын болсамшы бір бұлағың.
Бәдік етіп,
Басымнан өттің нелер,
Айта алмайды мұратқа жеттім деп ер.
Сенен өнген өскін ем,
Ей, туған жер,
Қайта айналып өзіңе кеткім келер!





Пікір жазу