10.05.2022
  233


Автор: Жүрсін Ерман

Күдік

Жалғыз қайықпын,
Жалпылдап келем желкенім,
Не болар екен,
не болар екен ертеңім?!
Астында өстім жамау да жасқау көрпенің,
Сынық қобыздай сыңқылдап
бір күй шертемін.
Намысым, сені нығыздап кейде сөйлетем,
Кейде артық түсем,
Кейде кем түсем,
Кейде – тең.
Алшаңдай басып араларында жүргенге
Біреулер мені патшаның ұлы дей ме екен?
Оңаша жылап,
Оңаша отқа өртендім,
Балалық дәурен, мен үшін сен де ерте өлдің.
Уысым менің бақытқа толып көрмепті,
Көсілу үшін қысқасын білдім көрпемнің.
Сүрініп кетсем
Сүйейтін кісім жоқ қой деп,
Жұбандым жалғыз,
Көзімнің жасын төкпей көп.
Көпшілік басын қосатын жерден тартындым,
Денемді қарып жоқшылық деген от көйлек.
Мінсем де ерте арманның атын қанатты
Жасымнан бағып үйрендім қас пен қабақты.
Арқамнан ешкім қақпаған кезін ойласам –
Бұл өмір маған болыпты талай абақты.
Арманым алыс,
Баратын жерім шалғайда,
Білмеймін әлі – адастырмайтын жол қайда?
Сұрқия өмір сақпанын тартып қалғанда
Тоқпағы талай сарт етіп тиді маңдайға!
Жасыған жоқпын,
Келетін күнге құлшындым,
Жарақатымды жасырып жұрттан қымсындым.
Сұп-сұр боп түсіп
сыр бермей келе жатқанда
Ішімде қандай қасірет барын білсін кім!
Жалғыз қайықпын,
Жалпылдап келем желкенім,
Не болар екен,
Не болар екен ертеңім?
Менің де бір күн өсер ме екен өркенім?
Шашылып қалсам,
шашар ма күлін өртеңім?
Не болар екен,
не болар екен ертеңім...
* * *
Жиырма бес те өтіп кетті от қармар,
Келе жатыр демі суық ақпандар
Не бітіріп жүрген жанмын деп кейде,
Шырт ұйқыдан оянатын шақтар бар.
Көмейімде тұншықтырып ой легін,
Берекесіз сөзді де көп сөйледім.
Түк бітірмей озды бастан қанша жыл,
Түк бітірмей тозды қанша көйлегім!
Сауал болып қарсы алдымнан
шықты әр күн,
Енді қалай жауабымды жұптармын.
...Ыбырайдың музейінде кетпен тұр,
Қаламсап тұр мұзейінде Мұхтардың.
Қисық басқан қадамымды құптар кім,
Оп-оңай-ақ мені шалып жықты әр күн.
Өңменіме тірелетін найзадай,
Зәремді алды қаламсабы Мұхтардың!
Бір жұмысым жетер жерге жетпеді!
Арқалаумен келем қарыз-өкпені.
Түсімде ылғи төніп келе жатады
Тас төбемнен Ыбырайдың кетпені!
Қызықтырмас алтын-күміс мүлкің де,
Ызаменен араласты күлкім де.
Аспан асты– жердің үсті тарлық қып
Аласұрған бір адаммын бұл күнде!
* * *
Бей-шарамын,
Шара-сызбын ұққанға,
Менің ісім баспай қойды тіпті оңға.
Жақсылармен мың жасармын деп едім,
Ұқсамай-ақ қойдым хакім Лұқпанға!
Иінімнен басып-жаншып тас ғасыр,
Ақ жарылып айта алмадым досқа сыр,
Үкідейін үлпілдеткен көңілді
Табанға сап таптап кетті көп тасыр.
Тасыр қайдан тани алсын тектіңді,
Жарқылдасам– жайдақ екен деп күлді.
Көңілімді көпшіліктен жасырып
Күдірейіп құр өткіздім көп күнді.
Қылығымыз жоқ екен-ау тіпті оңар,
Ақымақ көп– арамдыққа сұқтанар.
Жүрегімді жайып салып көріп ем,
Бүкпесі жоқ бейшара деп ұқты олар.
Көңіл-сарай ортаймасқа ортайды,
Өмір солай қартаймасқа қартайды.
Алтын басты мен неғұрлым еңкейтсем,
Боқты көтім одан әрі тоңқайды!
Сөйте-сөйте арамдыққа ет өлді,
Омырауды өртемейді от енді.
Қасиетім қор болғанда, қайтейін,
Қараулықпен қарыздарым өтелді!
Өткеніңді өлшеп көрсем жобалап,
Өзіңе де,Сөзіңе де обал-ақ.
Өзің өрге сүйремесең кеудеңді,
Алтын басың жерде қалар домалап!
* * *
Жұлдызым биік жанса да,
Тауқімет өмір тартты алға.
Сағатым өлді қаншама
Сабылып аэропорттада.
Жаныңды ұғам десе де
Мұңыңды достар аңдар ма.
Кештерім өлді нешеме
Дуылды ресторандарда.
Сол ма еді менің бақытым,
Сөзіме кім бар иланған:
Өтті екен қанша уақытым
Көсемсіп теледидардан?
Көлгірсіп доспын дегенге
Көрінген сөзін тыңдадым.
Қайтарам қалай өлеңге
Зая бір кеткен жылдарым?!
Өмірім– өлең дегенмен,
Шығарсың қайтып асқарға.
Не пайда елеңдегенмен
Ұзап бір кеткен достарға.
Жүректің қаны тамшылап
Айтатын болсам ақталмай:
Ит мініп, ирек қамшылап
Өмірім өтіп жатқандай!
* * *
Ей, өмір!
Менде алмаған өшің бар ма,
Жармасып жүргізбейсің көшімді алға.
Белімді қайыстырып теңдеген жүк,
Елімді таба алмадым есім барда.
Қомдасам қанатымды
Самғамаққа,
Мен ылғи түсіп кетем жанған отқа.
Шіреніп тұра алмадым шың басында,
Тіреліп қала берем жарқабаққа.
Айналдым дегенімде ерге азулы,
Алдымнан тұрады ылғи ор қазулы.
Ноқтаңды нұқып-нұқып кигізесің
Арбаға жегу үшін өр басымды.
Ей, өмір!
Сен не деген қатыбас ең,
Күйдірдің қайта-қайта отыңа сен.
Сен егер мектеп болсаң,
Мен– миғұла,
Ең соңғы сыныбыңды оқымас ем!
* * *
Құттықтап қармен, қолды қыс,
Өлмеген құлға болды қыс.
Жалаңашымыз жаураймыз,
Қутыңдағанмен тондымыз.
Сағыныппыз-ау ақ қарды
Шаңғымен заулар шақтарды,
Шөп тартар шалым жоқ бірақ
Шанаға жегіп аттарды.
Иесіз қалды қол шалғы,
Көңілге уайым жол салды.
Биылғы қарды баспаған
Сағынып жүрмін сол шалды.
Қысқа да кейде құштармыз,
Қарақұм төрін қыстармыз.
Сопайып сорлы басымыз
Соғымның басын ұстармыз.





Пікір жазу