10.05.2022
  390


Автор: Жүрсін Ерман

Тұсаукесер

Жалғызға жая қойсын кім құшағын –
Сынбайтын жерлерден-ақ сынды сағым.
Апатай, есіңде ме – бұл балаңның
Жасында кесіп еді кім тұсауын?
Дей көрме – қайдан келді бұл ой саған:
Әрнені ойлайды екен мұңайса адам.
Мен неге тегіс жерде сүрінем де,
Құламас жерлерімде құлай салам?
Бары анық аяғымда бір ілгіштің:
Ылғи сол – құлағышпын, сүрінгішпін,
Жығылмай мен орындап көргенім жоқ,
Ылайық маған деген бірін де істің.
– Жоқ! – деген қатқыл жауап жүр құлақта,
Тарс жабық қайда барсам тұрды қақпа.
Талпынып шыға алмадым бір биікке,
Шарқ ұрып жете алмадым бір мұратқа.
Сапарға шықтым талай батаңды да ап,
Түксиген тағдыр маған қатал бірақ.
Шалынып бір аяғым бір аяққа
Апатай, неге үнемі жатам құлап?
Болатын қарап жүріп кісі әумесер
Бұл да бір тағдырымның ісі-ау кесел.
Сүрініп-қабынғаннан құтылам ба –
Қайтадан жасашы, апа, тұсаукесер!
* * *
Менің сорым – қалың сор,
Жоқ ашылар дерегі.
Жүрегімнің қанын сор,
Сол ғой саған керегі.
Ұр төбемнен қос қолдап,
Бастан қиқу кетпесін.
Кетсін мені дос та алдап,
Көздің жасы кеппесін.
Аңды басқан ізімді,
Қой сөзіме қарауыл.
Шығар барлық қыжылды,
Айт өкпеңді бар ауыр.
Төзем. Қашан төзбегем,
Сол болса ойың көздеген,
Аңдысайық көзбенен,
Атысайық сөзбенен.
...Сыйластықтың сыбырын
Долы дауыл үрлеуде.
Қысқа жіптей ғұмырым
Келер ме екен күрмеуге?
* * *
Қаламды әкел, қарманып жазайын жыр,
Жаным төсеп жазғаным азайып жүр.
Ылһамымды ұйытқан наурыз айы
Мақамыммен ұмытқан көзайым ғыл.
Жазушы едім наурызда жап-жасыл жыр,
Биыл осы дағдым да алжасып жүр.
Сиқырымен тербейтін сөз-қазынам
Тиындайын қағады ол да сылдыр.
Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып,
Отырамын ішімнен өзім біліп.
Базар баққан бәдіктер ортасында
Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып.
Бір күніңнен аумайды бір күніңіз,
Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз.
Саңырауға беретін сәлемдей-ақ
Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз?
* * *
Таба алмай көркем қисынын жырдың
Иінім түсіп, исініп жүрмін.
Қиуым қашып, қиындады ма іс –
Ойымда – Муза, миымда – дыбыс.
Шылдырлап бақыр тиындай сөзім,
Өлеңге сыймай құйындай сезім.
Қаламның бүгін неге аз міндеті –
Айдындай таза қағаздың беті.
Есімі Муза жақпай сұлуға
Татайын десең, таппайсың у да!





Пікір жазу