Үшеу
Қайдағы бір қасіреттер іш өртеп,
Заһар ғой деп,
Зарыққанда ішер тек,
Ұлытаудың етегінде,
Күн бата,
Үш шөлмекті ішіп тұрмыз үш еркек.
Таужуаның түбірімен тіс қажап,
Сөнген өрттей басылсын деп ішкі азап,
Үш жүзіңнің басын қосқан бөктерде
Үш жүз грамм ішіп тұрмыз үш қазақ.
Үш кісіміз– сыңарындай үшемнің,
Үш баласы секілдіміз үш елдің.
Үшбу сөздер ажыратса араны,
Шарап емес,
Үш шөлмектен ішем мұң!
Бөліну де,
Бірігу де осалдық,
Осалдықтан оңдырмастай өш алдық.
Ағымыздың адалдығы үшін деп
Алдыменен ақ қылып бір тос алдық.
Бұрылмасқа не солға да, не оңға,
Сөйлейміз кеп,
Сөйлегендей ООН-да.
Ортаншының ордасы аман болсын деп,
Толғап тосты бағыштадық оған да.
Бұзылуын байқап тұрмын түсімнің,
Байқасам да шөлмекке қол ұсындым.
Інім, сенің үстем болсын мерейің
Деп бір іштік құрметіне кіші ұлдың.
Үшеумізге ішкен сайын түсті ақыл,
Ішкен сайын ұзарғандай қысқа тіл.
Найзаларын кезенетін тәрізді
Шөлмектердің сыртындағы «Үш батыр».
Ез тірлікте кетіп еді есем көп,
Елдің қамын Едігедей жесем деп,
Екеуіне ақыл айтып тұрдым мен
Өзімше бір кемеңгер боп, көсем боп.
Тағы талай мәмілеге келістік,
Мәмілелер мәңгі болсын деп іштік.
Ұлытаудың ұшар басы бұлдырап,
Көз алдымда дөңгеленді кеңістік.
Дөңгеленсе дөңгеленсін, күнім-ау,
Шараппенен шешілер ме ұлы дау?
Ұрпағымның ұлағатын қара деп
Қабаратын секілденді Ұлытау.
О, тәңірім, бастыра гөр істі оңға,
Үшеумізді таба қылма дұшпанға.
Табысқанның белгісі осы болсын деп
Бос шөлмекпен салып кеттік үш таңба!
...Құрысыншы қайдағы бір уайымдар,
Екі туыс, жолығуға дайындал.
Ұлытауда быт-шыт болған басымды
Алматыда жазып жүрген жайым бар!