10.05.2022
179
Элегия
Аруақтарыма– құрбан шалуға
Ауылға келіп тұрған шағымда
Қобалжып менің көңілім сынды
Жүйіткиді жүйрік қырдан сағым да.
Ескі ауыл– сынған, көшкен, жаңарған,
Кетпеуші ең ойдан, естен, жанардан.
Елес боп қалдың ертегі дәурен,
Көңілден бірақ өшкен жоқ арман.
Мектептің жұрты– біздер оқыған
Сөйлейді барлық іздер атынан.
Сұйылып кеткен шашыма менің
Төгеді нұрын– күзде де рахман.
Басқа терезе.
Басқа, қақпалар.
Кетейік, жүр, – деп дос та қақпалар.
Көзден кеткенді көңілден сызып
Өшіріп мәңгі тастамақ па олар?
Жалмауыз уақыт жалмап түменді
Алмай қоймасын аңдатты ма енді.
Қамықпай қайтем– қараша жұртта
Қалқатайымнан қалмапты белгі.
Жетеме дейін жетіп бар аңыз
Ауылдан тағы кетіп барамыз.
...Сығалай бермей саңлаудан барлық
Сабаққа жөнел, кетік, қара қыз!