Бәйкен Әшімовпен қоштасу
Санада енді осынау тұрар үлгің:
Көңілдің тарқатар деп мұнарын кім
Сертке берік жан едің, селт етпестен
Соңынан кете бардың сыңарыңның.
Жүректің қаныменен жоқтап әркім
Өзіңмен келеді енді мақтанар күн.
Атадан арғын болып туғаныңмен
Сен бірақ емес едің тек қана арғын.
Емендей бір бұтағы шырпылмаған
Бар еді ішің түгіл сыртыңда мән.
Қазақтың ұяты едің былғанбаған,
Қазақтың жағасы едің жыртылмаған.
Ерлерге туған кезде бақ сынар күн
Бақыттың кілтін сендей тапсын әркім
Ұстараның жүзіндей айнымаған
Жалғасы жайсаңдар мен жақсылардың.
Аялап асқар тауын, кең даласын
Исе тек ие білген елге басын
Кешегі алақұйын замандарда
Соңынан сөз ермеген сен ғанасың!
Ісі әділ болған шақта хан қызармас.
Жүргінші қарау болса жол да ұзармас
Мерт болдың мәңгіліктің майданында
Шындықтан шекпен киген соңғы сарбаз.