10.05.2022
  377


Автор: Жүрсін Ерман

Үш перзент

Үш көктемге ұқсаған,
Үш жазыма,
Үш балам бар,
Үшеуі – үш қазына.
Бірі тартқан айнымай әкесіне,
Бірі тартқан шешесі – ұстазына,
Үш балам бар,
Үшеуі – үш қазына.
Үшеуін де айырмай ұстағанмын,
Үшеуінде үні бар үш ғаламның.
Бір ұядан үшеуі түлесе де,
Мінезі бар үш түрлі үш баламның.
Сәл ұяңдау тұңғышым,
тырнағалдым,
Тұңғышымды мен талай жырлағанмын.
Бір баламның көңілі дариядай,
Жаны құмар шатаққа бір баламның,
Бір балам бар – бәрінен пысығырақ,
Бір баламның басымдау күші бірақ.
Біреуі сәл момындау болғанымен
Басқаларын басады мысы бірақ.
Мазаласа
Көңілді етіп алаң,
Жазаласам –
Өз балам, жекіп алам.
Бір баламның қабағын кірбең шалса,
Үрпиісіп қалады екі балам.
Ұлғайғанмен үш есе ішкі алаңым,
Үш баламмен түлеймін, ұшталамын.
Үш балам бар ошақтың үш бұтындай,
Үш перзентім – секілді үш қамалым.
Үлесімде үш бірдей жүлде менің,
Қыз демедім, бөлмедім, ұл демедім.
Үш дәурен боп жайнаймын, гүлденемін,
Үш бұлақ боп төгілсін күнде өлеңім.
Алаламан үшеуін,
Бөлектемен.
Үшеуін де шуаққа бөлеп келем.
Үш қыранға айналсын үш балапан,
Ұшып шықсын ұядан, көмек берем.
Үш перзентім – үш арман, қиялсыңдар,
Үш дария – үш көлге құярсыңдар.
Қанасына сыйғанда бір ананың,
Даласына қазақтың сиярсыңдар!
Не боламын үшеуін үш бөлгенде,
Бірін – сүйіп,
Біріне– тістенгенде.
Кіндігі бір үш перзент келеді өсіп
Даласындай қазақтың үш бөлмемде!





Пікір жазу