Әпке
Ақ жібек желкеніндей ақ кеменің
Көңілім алаң болды-ау, әпке менің.
Тигізер саған мүлде жоқ көмегім,
Қайтіп бұл жүрегімді қақ бөлемін!..
Сәби деп жардың басын жағалаған
Сен де әлі боламысың маған алаң?
Едік қой қоңыр қаздың балапаны
Біріміз бірімізді паналаған.
Есейтті, есейтті ғой өмір бізді,
Өткіздік басымыздан не бір күзді.
Сырласып, мұңдасатын сонда бір шақ,
Естелік болып қалды көңілде ізгі.
Беймезгіл көңіл-сабын сан бұзылды,
Жабырқап тағы бүгін қалды зілді.
Шырылдап жүрсің-ау сен тілей-тілей,
«Сақтай гөр, сақтай гөр» деп жалғызымды.
Жүргем жоқ күн өткізіп селтеңменен,
Жыраққа әкетті алып желкен-кемем.
Жолығып қалған шақта жан сырыңды
Айтасың көз жасыңмен мөлтеңдеген...
Асықсаң үй ішім деп, от басы деп,
Кідірткім келеді ылғи тоқташы деп.
Алыстап бара жатсың бірте-бірте,
Мен үшін одан асқан жоқ қасірет!
Демеймін күнде өтеді күрсініп күн,
Үзілмей жібек жібі жүрші үміттің.
Түсетін бауырлардың арасына
Апыр-ай, заңы қатты-ау тіршіліктің.
Таусылмас қызығымен көзді алдар күн,
Белгісіз – қалғандар кім, озғандар кім.
Мінеки, өтіп барам тағы зулап
Тұсынан сен жолығар вокзалдардың!