Оралхан Бөкейге
І
Кейде жылап,
Жүрсек те кейде күліп,
Болмашыға қуанып,
Кейде өкініп.
Киногердің көзіне шалынбайтын
өмір деген –
Дап дайын бейнеклип.
ІІ
Таудағы елдің таңсықтау салты білем:
Таңертеңгі маусымның салқынымен
Бұғыларды қораға қамап қойып
Мүйіздерін кеседі дәл түбінен.
Тілдеріне жатқан жоқ сөз оралып,
Мақұлықтың азапқа төзері анық.
Зырқыраған арамен қинағанда
Бейшараның кетеді көзі аларып.
Көргің келсе кадрды ең шырайлы:
Шығып кетпей кеудеден,
Жан шыдайды.
Боп-боз болған мүйіздің тұқылынан
Күн астында қызыл қан тамшылайды.
– Піскен мүйіз!
деп біреу бал ашады.
Біреулері бұтағын санасады.
Тостағанын,
Шөлмегін ұмсындырып,
Қызыл қанға барлығы таласады.
Кім сенбесін ертегі жақсы аңызға,
Бар мәселе пұлыңыз,
ақшаңызда
Қайратымды қайтарып аламын деп,
Қан ішеді пақыр да,
Патшаңыз да.
Сыздап шыққан бұғының сүйегінен
Беу, қызыл қан!
Соншама киелі ме ең?
Қан шарапқа құныққан қазақтардың
Қан сорғалап тұрады иегінен!
Бір ішкеннің екі ішу серті білем,
Құныққандар келеді жер түбінен.
Қаптап кеткен қан ішер қазақтар бар
Ыстық қанмен айығар дерті кілең.
Жан-жағыңа қарасаң
нау қарағай.
Нау қарағай басынан жауған арай.
Мүйізі жоқ маралдар басын шайқап
Маңып бара жатады тауға қарай.
Тағайын деп тұрғам жоқ
Жоқты кінә
Бұл не дәстүр?
Заманның тоқтығы ма?
...Қуанасың
Қазақтар қағып алар
Қарағайдай мүйізің жоқтығына!