Жамбылды қорғау
Дауласқанға ақынмен даярсыңдар,
Жауласқанда көзімді жоярсыңдар.
Бірақ, бәрің естіген әңгімені
Естімедім десеңдер – аярсыңдар.
Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді?
Ұлыңды да құлдай ғып көгендейді.
Жамбыл бабам:
«Немісті жеңдіңдер-ау,
Арғындарды не істейміз?» деген дейді.
Айтатындай болған соң бір себебі
Айтқан шығар ауылдың дүмшелері.
Ақ сақалды алаштың ақ туындай
Жамбыл солай деді деп кім сенеді?
Абайымен әлемге мақтанатын
Бірлігінен халқының бақ табатын
Сондай сөзді айтты деп кім сенеді
Арқасынан елінің қаққан ақын?
Арғын болып, әргім боп бөлінгенше
Өлім келсе қайтеді, өлім келсе?
Безер еді сол Жамбыл бұл өмірден
Арзан, арсыз қалжыңға телінгенше.
Кетеді ылғи сол сөзден мұздап ішім,
Кімнің жыртып жүргенбіз біз намысын?
Етек жауып, ел боп та жарытпаспыз
Ағайынның жеңбесек қызғанышын.
Не боламыз елді олай іріктесек?
Қуанбайық – қойында тұрып кесек.
Ұрар бізді Жамбылдың аруағы
Аруақтың атымен бірікпесек.
...Жамбыл да емен, мен өзім, арғын да емен.
Бақытымды дұшпаным бар күндеген.
Сол қалжыңды айтпай-ақ қойса екен деп
Жалтақтаймын бұл күнде әркімге мен.