Жыр - аманат
Қайтер ем: қайран Қасым – болмаса үлгім,
Басқа емес, жалғасымын сол Қасымның.
Қит етсе, тобығымнан қағып түсер
Менің де табылады жолдасым мың.
Мен – солмын, сол, баяғы, сол Қасыммын,
Тілеймін иілмеуін өр басымның.
Алдаспан жияр болсаң – алмасыңмын,
Қорытып құяр болсаң – қорғасынмын!
Өндірдей өлеңдерім – бөбектерім,
Әлдилеп бөбегімді өбектедім.
Ақиқат бесігінде уілдеген
Бөбегім ержетуі керек менің.
Ел едік отқа салған асылдарын
Қасқайып тумас күнде хас ұлдарың.
Алаштың жүрегінде жақтым шырақ
Танымай қалмасын деп Қасымдарын.
Сол үшін ұрынса да тасқа басым
Бәрібір бола алмаймын басқа Қасым.
Жанымды жанкештілер ұғынбаса
Көзімнен түйір-түйір жас тамасың!
Тұрса егер күн айналып, жер дөңгелеп
Кешпеспін мен де ғұмыр елден бөлек.
Басыңа жүрегіңнің бал тамызам
Секілді гүлден– белгі, белден– дерек.
Ақынның демес сорын жеңіл ешкім,
Елім деп емірендім, өліп-өштім.
Үстімде сұр шинелім сүйретіліп
Әйтеуір ел көшіне мен ілестім.
Ұшықтап қасиетті жыр-дұғасын
Көрінбей қастарында жүрді Қасым.
«Дауылдай өртке тиген өлеңімді»
Ұқпасаң, айналайын кімді ұғасың?
Суырып сын сағатта серме қылыш,
Тар жерде табан тайса– ерге өкініш.
Тағдырың тәлкек болған желтоқсанда
Тебіреніп жата алмадым көрде тыныш.
Намысқа түскен кезде бір ұшқын кеп
Айта алмай шепте таймай тұрыстым деп.
Желтоқсан алауындай лапылдаған
Қайратың мен емес пе ем Ырысқұлбек?
Мен емес бүғып қалған, күйбеңдеген
Ақынмын ажалдан да именбеген.
Жалындай шарпып көң бет, тоң беттерді
Жұбанның тілі болып сүйреңдегем!
Тәңірім жаратқан соң асыл ғылып
Ешкімге иілмеп ем басымды ұрып.
Талайдың төбесінен жай түсірген
Тірі екен Қасым-мінез, Қасым-қылық!
Қазақтың аспанынан серпілді мұң,
Көз тоймас керім, елім, көркің бүгін.
Көріме себелейді шұғыласын
Бұйырған маңдайыңа еркіндігің.
Қасым ба сөйлемесе бұлай Қасым,
Халықтың көрмесем де ұлы айқасын
Тебініп тайға мінген Тәуелсіздік
Қасымға өгей ұл деп кім айтасың?!
Жүргендер айыра алмай балдан басын
Атымды менің енді малданбасын.
Көк бөрік, көк жағалы көнпістердің
Қашанда зәре-құтын алған Қасым!
Айныман ақын деген болмысымнан
Алмаспын аярсынып қолды ұсынған
Жалаудай желбірер-ау қара пәлтем
Құтылса Қазақстан соңғы сұмнан!
Киелі кең мекенің арқадағы
Құшпасам құмарым бір тарқамады.
Қадалып қарыс жерден қарап жатыр
Ақкөйлек Астанаға Қарқаралы.
Әрине сендер менен басқасыңдар,
Аңқылдап Астанада бас қосыңдар.
Жарқылдап жаңа күннің есігін аш
Жүрегін қолына алған жас Қасымдар!
Не пайда тастан мүсін соқсаң дағы,
Өліге қошеметтің жоқ салмағы.
Көшесін Астананың кезер ме еді
Тобықтай Қасым ақын тоқсандағы!
Түсіріп Байқоңырдан алысқа нұр
Тоқтардай толықсыған арыстан-ұл
Қазақтың қиялындай самғағанда
Шағаннан шашып жаттым ғарышқа гүл!
Бұрқанып соққанымен боран– Қасым,
Белгілі Оралға енді оралмасым.
Тәңірден тілейтінім– текті туған
Тәкаппар рухым тек жоғалмасын!
Қамшы алсаң– әділеттің қамшысымын,
Тамсансаң– табиғаттың тамшысымын
Ән салсаң елім-ау деп еміреніп
Қазақтың Жұмекен мен Шәмшісімін!
Томпайған өз жерімде бір төбемін,
Ортайған кездеріңде жыр төгемін.
Дәриға дәрмен болса, ұшып тұрып
Көз жасын ғашықтардың сүртер едім.
Қағар ем арқасынан жас ініні,
Ақынның бәрі ендігі – Қасымұлы.
Дөңбекшіп жата алмаймын жер-бесікте
Дүңкілдеп құлағымда ғасыр үні.
Бауырға басар болса жыр – Қасымын,
Ақ көңіл, адалдардың сырласымын.
Күрсінсем – қарияның қарғысымын,
Сүйсінсем – сәбилердің іңгәсімін.
Сұлудың сыңғырлаған сырғасымын,
Қамкөңіл Қарасаздың жылғасымын.
Қуансам – арулардың күлкісімін,
Мұңайсам – Мұқағали мұңдасымын.
Төбемде тұнжыраған тұр ғасырым,
Әйтеуір маңайында жүр Қасымның!
Сүйрелеп мені қайда барасың жыр,
Тұрғызбас мәңгі мекен – аласа үңгір.
Талпынсам топтарыңа қосылам деп
Тартады аяғымнан қара шынжыр.
Қасымды тастаған соң шетке сүйреп
Белгілі сендерге енді жетпесім бек.
Шынжырлап төрт жағымнан тастаған ба
Қайтадан Қасым тұрып кетпесін деп.
Зираттың зыр қаққанмен іргесінде ел
Жан бар ма мені өзімен біргесің дер?
Талайлар әлі мені күндесім дер.
...Ақынның хақын жеген ел оңбайды,
Тірілер!
Өлеңімнің жүлдесін бер!