Тұмағаңа
Жырдан талай ту алсаң да
Жүрек кілтің анық сонда
Күлтәй дейсің қуансаң да,
Күлтәй дейсің қамықсаң да!
Осал жерің досқа мәлім:
Бағып соның қас– қабағын,
Күлтәй күлсе– аспан ашық,
Іздемедің басқа бақыт.
Қыз сүйдірді, ұл сүйдірді,
Кейде бәлкім күрсіндірді.
Күлтәйға арнап келе жатсың
Құшақ-құшақ тылсым жырды.
Өмір бақи дос қылардай
Құпиясын ашты қандай.
Тек Күлтәйдің арқасында
Әлі күнге жас Тұманбай.
Ол да сені сағынады,
Буырқансаң– бағынады.
Күлтәй риза болған сәттер
Ең жоғарғы награда!
Аз сөзбенен көпті аңғартып,
Байқамадың өткенде уақыт.
Жарты ғасыр бір әйелге
Ғашық болу неткен бақыт!
Сөніп қалмай жанбай жатып,
Тамырдағы қанды ойнатып
Жарты ғасыр бір жігітке
Сыңар болу қандай бақыт,
Құмар болу қандай бақыт!
Жұрт көзінше жасқамайды,
Жаман жолға бастамайды.
Алтынға алтын жолықпайды,
Алтынға алтын жолықса егер –
Алтынды алтын тастамайды.