Т. Молдағалиевке
Жүйріктей шашасына шаң түспеген
Ақынға бұйым ба екен алпыс деген.
Сен әлі сұлуларға сұғың қадап
Жазасың шамырқанып тал түсте өлең.
Алаңдап жұмысың жоқ ештеңемен
Жазасың түнде де өлең, кешке де өлең.
Қарыздар сияқтысың өлеңге әлі
Көп бұрын қосылсаң да көшке менен.
Алпысқа келді десе жыр-Тұманбай,
Жүрер ме елі сенбей, жұрты нанбай.
Көңілдің аппақ жібек орамалын
Кірлетпей, қапияда жыртып алмай,
Келеді жылдарына жыл қосылып,
Келеді мұңдарына мұң қосылып.
Тұманбай дейтін әлем аспанында
Жатқандай будақ-будақ жыр жосылып.
Ақынның тауып берер аңсарын кім,
Жұпарын жұтқың келер барша гүлдің.
Сезімін жыр сыйқыры тербегенде
Көзінен жас боп тамдың қанша арудың?!
Ғұмырын махаббаттың созған ақын,
Бәйгеден келе берсін озған атың.
Сыздатып сұлулардың омырауын
Сусылдап қаға берсін сөз қанатын!