Менің бабам - Тілеулі
Иемденіп жүргенім жоқ
аңыздағы біреуді:
Ақ найзасы ата жауға білеулі
Көк сүңгісі көп дұшпанға тіреулі
Менің бабам –
Ұзын Қыпшақ Әбдірахманұлы Тілеулі.
Қобыланды бабасындай
Түспей жүріп ол да аттан
Қалмақ көрсе, қойдай қырып.
Қолы тисе, мал баққан,
Кірпігіне қырау тұрып,
Қабағына қан қатқан
Ер Тілеулі көп ұл сүйген
Қазақ, башқұрт,
түрікпеннен, қалмақтан.
Біз батырдың ұрпағымыз
Жан баққан.
Уысында ұстай жүріп
Бұлттай көшкен осы елді,
Тоғыз қатын алыпты ол –
Менің тоғыз шешемді.
Ал мен болсам – бір әйелден аса алмай,
Беріп қойғам есемді.
Жерге кіріп кете жаздап –
сол білесе көсеуді,
Мәз боламын төкпей-шашпай
ұстағанға кесемді.
Сөйтіп жүріп:
– Тілеулінің тұқымымыз, байқаңыз! –
деп енді біз бойға сыймас
ертегі сөз айтамыз.
Және соған сенеміз.
Ер бабадай топырлатып
ұл туғызсақ,
Замананың ғұрпын бұзсақ,
Ұйып тұрған отбасының
шырқын бұзсақ – өлеміз.
...Мен бабама тартып туған,
Артық туған баламын.
Ей, бәйбіше! Көбеймесін
Көңілдегі алаңың.
Тілеуліден қайта туып,
қайта келсем өмірге
Мен өзіңді, тек өзіңді аламын!