Қасым өзі туралы
Бәйгеден жүргенімен келмей атым,
Туған жоқ тұл ғасырда мендей ақын.
Күркілдеп жүргенімде күнім бітті,
Оқыса, оқи берсін енді аятын.
Ертеңге талпынғанмен ер көңілім,
Шықпайды бұрынғыдай сергек үнім.
Дүние дөңгеленіп өтер шақта,
Көлбеңдеп көз алдыма келді өмірім.
Кешіріп қиындықтың бәрін бастан
Бұл Қасым қияметтің төрін басқан.
Сөзіме сыйғыза алмай жүруші едім,
Көзіме тулақтай боп көрінді аспан.
Алланың жанып тұрса әр күн шамы,
Сынар ма жоқшылықтан ердің сағы.
Апыр-ай, жұдырықтай ғана екен ғой
Шегіне жеткізбеген жердің шары!
Хош, жалған – қызығымен мені арбаған,
Болып ем өлеңге алаң, өнерге алаң.
Жүйткіген келер күндер керуені
Түсіріп тастап жатыр мені арбадан.
Іштегі шемен болған шер басылмай
Сайрап ем тоты құстай торға сыймай.
Қайғы мен қуанышты кезек құшып,
Балқытып құйдым жырға қорғасындай.
Қазақтың керуен болып кең өлкесі,
Шұбырды тұс-тұсынан өлең көші.
Жаныма жуытпадым зұлымдықты –
Жырыма түспесін деп көлеңкесі.
Қарсы алып құмарлана өмір таңын,
Тамсанып келбетіне таңырқадым.
Қара өлең кірпішінен соқтым сарай
Көрсін деп тамашалап жаңа ұрпағым.
Жетелеп жүргенімен жастық үміт,
Қайтейін, көңілімді басты күдік.
Айтылмай қалды қанша ақиқатым,
Тұрғандай тамағыма тас тығылып.
Замана ызғарынан жыр бұғынып,
Мойнымда сүйретіліп жүрді құрық.
Айтақтап ағайыным ит қосқанда
Басында бір төбенің тұрдым ұлып.
Болғанмен туғаным – шын, өлерім – хақ,
Тіледім тапса екен деп өнерім бақ.
Алдым – жар,
Артымда құз тұрғандығын
Түсіне алармысың, келер ұрпақ.
Қайтейін, қол қысқарды, ой тарылды,
Алаңсыз айта алмадым айтарымды.
Күндіз-түн армандадым алаң болып
Халқыма қарызымды қайтаруды.
Өлеңнен қармап қалдым сыбағамды,
Келер жас, кіналама бұл ағаңды.
Жұбаттым жырымменен жылағанды,
Сүйедім қолтығынан – құлағанды.
Кетсе егер төңкеріліп бір күн қайық
Болмас деп жырды сүйген жұртым ғайып,
Жел кернеп жыр-теңізде желкенімді
Ертеңге құшағымды жүрдім жайып.
Өлеңім, өлгенімше сырласымсың,
Қанбадым құмарланып жырға сусын.
Еліме еркелейтін еркін шақта
Қасымға тарлық етті-ау бұл ғасыр шын.
Қорлатпай күншілдерге басымды алтын,
Қасқайып қалсам дедім Қасым қалпым.
Жанымды түйіп едім шүберекке,
Шешер деп керегінде асыл халқым.
Қасыммын, сені сүйген сол Қасыммын,
Алдаспан жарқылдаған алмасыңмын.
Күрмеліп қалған шақта қызыл тілім
Айтарсың ән-жырымның жалғасын кім?