Мұстафа Шоқай
Қазақ елі – ел ғой деп енді іргелі
Көңілімді күмәнсіз сендіргелі,
Тарихыма тәу етіп,
келіп тұрмын
Бейітіне Шоқайдың Берлиндегі.
Үйірілді таңдайға жыр тәттісі,
Үлгі болар кісі еді ұрпаққа ісі.
Тәуелсіздік жолында тәуекел деп,
Құрбан болған қазақтың бір тоқтысы.
Бұлтқа кіріп барады ұрланып күн,
Жетімсіреп бейіті тұрды алыптың.
Бір уыс боп бүрісіп жатуын-ай,
Қайта тумас көсемі бір халықтың.
«Біз – бұлақпыз.
Мұстафа Шоқай – теңіз,
Түркістанмен есімін атайды егіз», –
Деп тілмашқа жатырмын түсіндіріп,
Ұқпады ма, ұқты ма ноқай неміс?!
Жанын баққан жалдама – білер кімді,
Таң еді ғой Мұстафа түрер түнді.
Маңдайдағы марғасқа маңғазымды
У берген қасқырдай ғып кім өлтірді?
«Қаһарманым қатарға қосылшы» деп
Отырмады бір қазақ басын сүйеп.
Оралғанмен рухы туған жерге,
Жатыр әлі жат елде асыл сүйек.
Қабыл болмай баяғы ақ батасы,
Күңіреніп жатыр ма датқа атасы.
Кіріп бара жатқандай қара жерге,
«Мұстафа бей» деп жазған тақта тасы.
Жайсыздау боп жатқаны-ай шіркін ердің, –
Деп басыңа күмбездеп үй тігер кім?
Терезеңді тең ұстап, түркімін деп
Жетегіне жүрмеп ең Гитлердің.
Қапияда мерт болған қырғи құсым,
Көсемдердің аузына құм құйды шын.
Шоқайұлы шабына шоқ түсірсе,
Сталин де төрт бөлген түнгі ұйқысын.
Талайлы тағдыры үшін алты Алаштың
Азабын ақыреттің арқаластың.
Балапанын алдырған бозторғайдай
Жер мен көк арасында жанталастың!
Асыл еді Мұстафа.
Сол асылдың
Тәу етеді жат жерде моласын кім?
Тасбауыр ел талпынып іздемеді-ау,
Тағдырына тәуелсіз талас ұлдың!
Қадіріне жетпесек бар асылдың
Таусылады тасмаңдай шарасы ұлдың.
Елейді деп ел қашан есіл ерді
Сол бейіттің басында аласұрдым.
Шоқай десе қалады тіл күрмеліп,
Ештеңе айтып елге біз үлгірмедік.
Қор еттік пе бұл сөзді жетесізге,
Шығара алмай шылбырдан бүлдіргелік.
Шенеуніктің тілінде шүлдірледік,
Ел шетіне Шоқайды ілдір дедік.
...Осы арманым аманат саған, Ұлым,
Сен екеуміз кетпеспіз бір күнде өліп!