Бақ пен сор
I
Келді-кетті дүниеге бір ақын,
Өмірі тек өксулерден тұратын.
Ешкім оның ұғынған жоқ мұратын,
Ешкім оған жасаған жоқ рақым.
Ойы биік,
Бойы биік ортадан.
Жанды-сөнді лапылдаған өрт-адам.
Ешкім оны сыйпаған жоқ маңдайдан,
Ешкім оны қаққан емес арқадан.
Басын исе,
адалдыққа иетін.
Ешкім оның түсінген жоқ ниетін.
Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол
Өгейсімей,
Өліп-өшіп сүйетін!
Ғашық еді тіршілікке ол байғұс,
Қасіретке құштар еткен қандай күш?!
Кешіп жүрді ол өлеңнің өзенін,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.
Досы да жоқ.
Дос дегені – ол да жау.
Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несібе
Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.
Ол жүрегін жүргенімен жырлатып,
Бұйырмады маңдайына бір бақыт.
Арулардың жанарынан сыр оқып,
Аналардың алды жасын құрғатып.
Таусылғанша соңғы демім-тынысым,
Тек өлеңнің тасытам деп ырысын,
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмірін де құрбан етті жыр үшін.
Қасіреті қарығанмен қанша ішін,
Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын,
Келешекке сәлемім деп,
Өлеңге
Сарқып құйды жүректің қан тамшысын.
Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етіп төсеген,
Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.
Білуші еді ол ажалдың күтпесін,
Білуші еді бәрін жазып бітпесін,
Қолындағы қалам сусып түскенде
Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.
Қолында өлең –
Қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап,
Тіршілікте қолға түспей,
Өлгенде
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.
Тасынғанда – теңіз болып толатын,
Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшін өмір сүрген сол ақын –
Мұқағали Мақатаев болатын!
II
Шаттық жоқ шабандозда Шалкөдесіз,
Шөмиіп, секілді бір шал кәдесіз
Иесі аттанғанда қан майданға
Шалқұйрық Шалкөдеде қалды егесіз.
Ұшқандай дәл сол күні баста бағы,
Жадырап енді шырай ашпағалы
Телмірді күнбатысқа бір жас бала,
Ұқсайтын қыран құсқа қас-қабағы.
Қыран құс түлемесе қомдана ма,
Шілдеде жылына ма тоңған ана.
Иесіз Шалқұйрықтың киесі мен
Шылбыры қалып еді сол балада.
Өмірдің керуені тоқтасын ба,
Жанашыр әкесі де жоқ қасында,
Жамылып атасының жарғақ тонын
Жанығып жыр жазатын от басында.
Тіліне кейде оралып Құран – дана,
Ерте-кеш құмартқаны жыр-ән ғана.
Шаңқылдап шәулі бүркіт болып шықты
Қабағы қатыңқылау қыран-бала.
Қуалап құдірет күш қан тамырды
Елемей жолдағыны жаңқа ғұрлы
Шарықтап кетуші еді шайыр бала
Құшақтап қиялымен Хан–Тәңірді.
Көзіне көрініп бір бақ құсы аппақ,
Жарқылдап шың басында жақты шақпақ.
Үйреніп найзағайдан жарқылдауды,
Тұратын тау басында от құшақтап.
Тұңғиық тереңімен көл шымырлап,
Кететін құлағына жел сыбырлап.
Тілейтін Қарасаздың кемпір-шалы:
Я Құдай, сол балаға берші бір бақ.
Бар ма деп Шалкөдені шолатын күн
Баланың жанарына толатын мұң.
Халықтың қайғысы мен қасіреті
Шер болып шөкті ішіне сол ақынның.
Жыр жазып арасында жүрді ауылдың,
Қойсын ба құдіреті жыр-дауылдың.
Сөзімен сызып заман суретін
Айналды ақынына бір дәуірдің.
Жазғанмен жан жарасын үрлеп уақыт,
Жесірмен қайғы-көлге бірге батып,
Жүретін Қарасаздың көшесінде ол
Басынан Хан-Тәңірдің жыр боратып.
Күзетіп босағасын боздақтардың
Ошақта өлең отын маздатты әр күн.
Есіне түсіп кетсе есіл ерлер
Ызғарын сезінетін жазда ақпанның.
Түнектен тілегендей жанға жалын,
Жүректе тұншықтырып мәңгі азабын,
«Есіктің» кафесінде отыратын
Ішінде жалғызсырап даңғазаның.
Жөңкілген Хан-тәңірі бұлты сынды
Жұмбағын жүрегінің кім түсінді.
Адамзат көктемінің хабаршысы
Жоғалтып алдым бір күн жыл құсымды.
Райымбек! – деп туған ұранды ақын
Түсіріп жырмен елге Құран–хатым,
Шалқұйрық шашасына шаң жұқтырмай
Шалкөде, Қарасаздың шығарды атын.
Еңбегін еткен емес елге міндет,
Естіді ел қыршын күйде өлгенін тек.
Жұрт енді мін тағады сол ақынға
Жамбылдай неге жүзге келмедің деп.
Ақынға мақсат па екен көп жасаған,
Көп күнді көрсетпеді көз жасы оған.
Алыптың бар міндетін атқарыпты
Халықтың ұлы болған жап-жас адам.
Аз жасау болып еді күнә қашан,
Ел неге айтады әнін – ұнамаса ән.
Жоқтауын тұрмын жырмен жеткізе алмай,
Көрісіп Қарасазға жыламасам!