Ертегі
Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді –
Ертегіні тәуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем,
жасымда
Шешем маған айтпапты еш ертегі.
Балалық-ай – жамау-жасқау көрпелі,
Ақауы бар көңіл енді дертеді.
Айтпайын деп айтпады ма – мұршасы
Болмапты ғой айтар оның ертегі.
Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін,
Сәби көздің жасын өзің сүртесің,
Таңсәріде кететін ол шығырға
Әкеміздің киіп солдат күртесін.
Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.
Кешке келсе, күтіп оны тұратын
Жанбаған от, сауылмаған сиыры.
Парыз-бейнет босатпайды арқаны,
Отын шауып, диірменін тартады.
Су әкелу, тезек теру аз болса
Мүгедек боп оралған жар бар тағы.
Қалай бәрін үлгертті екен,
есепте!
Қалай ғана тесілмеді қос өкпе?
Ертегі боп ұйқыны бір қандыру –
Әзер жетіп жығылатын төсекке!
Ертегіде жібердің деп есені
Жазғыруға болмайды енді шешені.
Апашымның азайғанда бейнеті,
Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!
Қартайды ана.
Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі
Жүз жасайтын кейуаналар жайында!