Біреулер
Біреулер күліп миықтан,
Біреулер қағып иықтан.
Алдамшы өмір әлдилеп,
Пендесін жырмен ұйытқан.
Біреулер жалған жақтайды,
Біреулер сынап мақтайды.
Сырт айналған сұм тағдыр,
Ішіне сырын сақтайды....
Біреулер шындап жылатар,
Біреулер жардан құлатар.
Адастың деп жолыңнан
Кімің бар жайды сұратар.
Біреулер өрге сүйрейді,
Біреулер сөзбен түйрейді.
Жалғанға жаным шыдамай,
Күйрейді көңіл, күйрейді...
***************
Қызыл түске әуессің,
қызыққа да құмарсың.
Тұрлауы жоқ дүние,
таусылғанда ұғарсың.
Байлық, мәнсап ешкімге
мәңгі жолдас емес қой,
«Тәмам болды неге?» деп ойлап жүрген шығарсың.
Ақылың да жоқ емес,
білімдісің өзгеден.
Биіктерге жете алмас,
қиындыққа төзбеген.
Жігеріңді жасытпа,
сенім болсын серігің,
Орындалар бар мұрат, мақсаттарың көздеген.
**************
Айтылмай жүрген,
айта алмай жүрген сырым көп,
Көтерер ме екен қатпарлы ойды жырым бек.
Онсыз да тағдыр жылатып мені жүргенде,
Алмаса екен жағамнан бір күн ұлым кеп.
Телміртпе тағдыр,
телміртпе мені шыраққа,
Жауап таба алмай қиналып жүрмін сұраққа.
Шағылмай тауы, ренжімей жүрсе болғаны,
Ұлымды сақта, шыдайды жаным сынаққа.