Өмір өлшемі
Теңіздерден
тереңдікті түсіндім,
Тұңғиықтан маржан таппай күрсіндім.
Шөл далада тамыр алып нөсерден,
Көл ұлына жүрегімді ұсындым.
Тауға қарап
сырын ұқтым биіктің,
Күйін кештім жалғыз ауған киіктің.
Құмда туып күй толтырып кеудеме,
Көлдің ұлын шын жүрекпен сүйіппін.
Көкке қарап
арманымды өлшедім,
Жинай алмай жүрмін жанның бөлшегін.
Ай-жұлдызға қанша ғашық болғанмен,
Бақытымның молаймады мөлшері.
Теңіз, тауда, заңғар көкте жүрсем де,
Алақанда екен өмір өлшемі...
************
Аға десем,
сенесіз бе шындыққа?
Әлі жүрмін жалған менен шынды ұқпай.
Алдамшы өмір шыға берді алдымнан,
Көңілімді неше мәрте қалдырған.
Аға десем,
сенесіз бе пендеге?
Кездерім жоқ дегеніне көнбеген.
Шын жанашыр жан табуға қиналдым,
Адамдар аз қорған етер иманын.
Аға десем,
сенесіз бе сырыма ?
Үміт-сәулем тамбай жатып сынуда.
Болса дағы қырық жаным кеудемде,
Бір дауасын таба алмадым емдеуге.