10.05.2022
  182


Автор: Гүлбақыт Қасен

Айналайын, анашым

Мұңды ұшырып көңілімде түнеген.
Қамқор жансың бақытымды тілеген.
Жігер бердің үзілгенде үмітім,
Әрбір сөзің – жанға дауа, түгел ем.
Мен бақытты болса екен деп тіледің,
Мен жүдесем, сен де қоса жүдедің.
Қасиетіңнен айналайын, Анашым,
Қызың үшін ауырды-ау сан жүрегің.
Өмір жолда орындалса сан арман,
Бақытымның шыңы болып саналған.
Сәл шаттанып қадам бассам алдыға,
Асыл сөзің жаңғыратын санамнан.
Тәуба дедің, шықсам биік белеске,
Ақтап алдың түссем жөнсіз егеске.
Ел алдында жарқыраса маңдайым,
Сенің, Ана, ақ тілеуің емес пе?
************
Ана жаным!
Ренжіттім мен білемін,
Алаңдаулы бүгін менің жүрегім.
Сынағы мол тағдырым аямаған,
жаралы жүрегіме сая болған
СІЗ едіңіз!
Енді қалай қуанамын, күлемін,
қалай табам көңіліңіздің бір емін,
өтінемін «ренжімеңіз!» - тілегім.
Ана жаным!
Мейіріміңді сезінем,
Мәпеледің мені сәби кезімнен.
Күн өткізбей төбемнен пана болған,
Қандай қиын сәтте де Ана қорған
СІЗ едіңіз!
Немеренің орындайтын талабын,
Бағып жүрер ұл-қызының қабағын,
Дәл өзіңдей жанды қайдан табамын?!





Пікір жазу