Ана мен әкеге тағзым
Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер?
Мен үшін асқар тау Әкелер - кемеңгер.
Жұмақтың кілті
Ол – ананың табаны,
Жұмақтың кілті
Ол – атаның қабағы.
Анам мен әкешім – ең алғаш көргенім,
Солардың ақылы сүйреген өрге мың.
Мәңгілік перзент боп өтер ем еркелеп,
Жалғанда “жан алар” келмесе ентелеп.
Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары,
Бақытты балалық – сезімнің сырлары.
Анамның тілімен өмірді таныдым,
Дарыған бойыма өнеге, тағылым.
Анадан қабылдап инабат, әдепті,
Ою мен кестені үйреніп әндеттім.
Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы
Әлемді әдемі етуге баулыды.
Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,
Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.
Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі
Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.
67
Бес қыздың жатжұрттық екенін білсе де,
Жабдығын қамдайды иегі кемсеңдеп.
Жұлып ап жүректің бөлінбес парасын,
Сыйлы еткен мың жылдық құдалар арасын.
Өзі - Ана,
Өзі - Ене,
Өзі - Әже болса да,
Құрбыдай сырласар сексенге толса да.
Жарыңды сыйла деп ақылын айтады.
Елу жыл отасқан шалының басына...
Дұға етіп жұмада бір барып қайтады.
Әкемнің ақылы – жүректе мейірім,
Басылған қадамдар жолдардай иірім.
Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,
Үмітін үкілеп, артқандай ел сенім.
Аузында иманы, қолында құраны,
Текті ұрпақ өсіру – мақсаты, ұраны.
Үстемдік етсе де қаhарлы қаталдық,
Бақытты болсақ деп,
Әкеден бата алдық.
68
Ақсақал атанып бір басын сыйлы еткен,
Асырап асықтай алты ұлын үй еткен.
Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға,
Серік боп жүр дейтін жақсы мен арлыға.
Әкеден жетім қап қиынды өткерген,
Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.
Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,
Бойжеттім еркелеп өмірде қаймықпай.
Мұра етіп төс, балта, ер-тұрман құралын,
Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.
Өрілген қамшысы түспейді төрінен,
Әлі де жөн сілтеп тұрғандай көрінер...
Анамыз ұяда ұл-қызын тосады,
Немере, шөбере бал үнін қосады.
«Ардақты Ана» деп төс белгі қадалған,
Ұлылық есімге тұрарлық адал жан.
“Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет!”
Құранда айтылған есті сөз, әлеумет.
Ата-ана алғысы –
ақ нұры АЛЛАНЫҢ,
Перзенттік парызбен өлең-жыр арнадым.