Бес бәйтерек
Ел-жұртымен қауышқан бес бәйтерек,
Шындық сырын ұқпаппыз біз ертерек.
Тарихымның түрілмей шымылдығы,
Жалған болып жетіпті елге дерек.
Жеңер әркез әділдік зұлымдықты,
Жұмбақ өлең өмірдің сырын ұқты.
Рухын биік көтерген Шәкәрімдер,
Елін сүйген ерекше ділі мықты.
Тамырына тілінің терең бойлап,
Ұрпағына сөз айтқан кемел ойлап.
Ағартушы Ахмет Байтұрсынов
«Ұлтшыл» болды елінің қамын ойлап.
Дүниенің бесігін еркін ашқан,
Білімімен наданның мысын басқан.
Мұралары жыр-дастан Жүсіпбектер,
Ұлылық пен өнердің нұрын шашқан.
Ұмытылмас тарихты айту – парыз,
Ғұмыр – күрес, өмірдің өзі арпалыс.
«Оян, қазақ!» деп өткен Міржақыптар,
Халық үшін атқарды ардақты іс.
Бірі болған Абайдың ізбасары,
Олар нағыз – сезімнің сырлас ары.
Өрлік жыры Мағжанды мәңгі етер,
Анық оның елімен мыңжасары.
Алаш жұрты тарихтан сыр ұғады,
Сыр ұғумен білімге құнығады.
Қанша ғасыр өтсе де ұмыт болмас,
Бес бәйтерек –
Қазақтың Ұлылары.