10.05.2022
  123


Автор: Гүлбақыт Қасен

Ұлылық дейтін атаққа

Ұлылар өткен,
Билері өктем,
Хан, батыр туған даламда.
Ел бар ма, шіркін, жететін Бізге
кіршіксіз мынау ғаламда?
Тағылым берер тарихтың тұнып тұр сыры санамда.
Ту етіп арын,
Құрбан ғып жанын,
От болып лаулап жанғандар.
Елі үшін туып, тарихта қалған
өлмейтін мәңгі жалғанда.
Ұлылық дейтін атаққа лайықты бізде жандар бар.
Батырмын демей,
Атаққа ермей,
Қалдырған ерлік іздерін.
Ереуіл атқа ер салмай өткен
жалғаған жырау тізбегін.
Болмысы берен еріңнен Махамбет рухын іздедім.
Іздедім, таптым,
Төрінде тақтың,
Батыры нағыз Қазақтың.
Момыштың қаны ақылы зерек
ұлы деп тегін жазатын,
Домалақ қара баладан естілген үні азаттың.
Жуалы жері,
Туғалы ерін
Тербеткен құба талбесік.
Маңдайда жұлдыз бақ болып жанған
Көлбастау берген бар несіп,
Күнтуған сәтте жұртына әперген жеңіс қан кешіп.
Бауыржан аты,
Ерлікте заты,
Көзінде жалын оты бар.
Тасбауыр заман өзгерткен бәрін
жабығып жүріп отығар.
Жазылған қанмен кітабы – тарихым болып оқылар.


От шашып көзі,
Бір ауыз сөзі,
Қылыштан өткір алдаспан.
Марғасқа батыр – тағдыры дастан,
қаншама ұрпақ алмасқан.
Жаужүрек ерім – мұрагер, бабалар ізі жалғасқан.
Ту етіп арын,
Құрбан ғып жанын,
От болып лаулап жанғандар.
Елі үшін туып, тарихта қалған
өлмейтін мәңгі жалғанда.
Ұлылық дейтін атаққа лайықты бізде жандар бар.





Пікір жазу