Елге аян
«Біз қазақ мал баққан елміз,
бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз»,-
деп өткен менің би бабам.
Ұрпағы үшін ұлтарақтай жерінің
шетін біреу басуға қимаған,
Найзасына үкі тағып ер жүрек
Батырларым тар бесікке сыймаған.
Ұрпағына құт-береке сыйлаған,
Бар байлығын мәрттік үшін жинаған.
Қазақ халқы
Тәуелсіз ел болсын деп,
Батырларым қалмады-ау жан қимаған.
Күлтөбеде күнде жиын өткізген,
Ұлы билер жүріп өткен текті ізбен.
Заман өтіп, бақ қондырған
Тәңірім,
Мың бір тәуба, осы күнге жеткізген!
Аяулы елім,
Алтын сенің керегең,
Шаңырағым шаттық нұрға кенелген.
Уық болып қадаламын қабыл ал,
Жүрегімде төрт құбылам теңелген.
Тұғырыңнан тәлім алар таймайтын,
Сәулелі ой ар, санамды жайлайтын.
Даналардың ақылы бар бойымда,
Елдің қамын ер жігітше ойлайтын.
Қазақ елі,
Қасиетті мекенім,
Құдіретіңе басымды иіп өтемін.
Ұлы аналар жақсылығы дарыған,
Елге аян қазақ қызы екенім.