10.05.2022
  144


Автор: Гүлбақыт Қасен

Алтын бесік айдарлым

Туған жерім –
Алтын бесік Айдарлым,
Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың.
Түлеп ұшып кетсем дағы құсың боп,
Тілекшің боп кіндігіммен байландым.
Сенде қалды балалығым балдырған,
Бақ түбінде тәтті ұйқымды қандырғам.
Табанымда ізі құмның, тікеннің,
Таңдайымда кілегей мен тандырнан.
Сенде өткіздім тәтті бала күнімді,
Күлдім, жылап, тізем неше бүлінді.
Жүгерінің шашағынан шаш өріп,
Тердім жусан, жиде, бақбақ гүліңді.
Сен шығардың менің ана тілімді,
Өзің бердің ең алғашқы білімді.
Бестас ойнап, алтыбақан түбінде
Ертегі оқып көзім әрең ілінді.
Сенде қалды достар бала күндегі,
Албырт сезім алма ағашпен гүлдеді.
Топырағыңнан түлеп ұшқан жастарың
Қандай арман жетегінде білмедім.
Сенде ұстаз ұлағаты жатталған,
Дәптерінде қалды арманым ақтарған.
Дүниенің төрт бұрышын шарлатса,
Сыр ұғушы ек қанаты жоқ хаттардан.
Сенде қалды көршілердің көңілі,
Туғандайын мейірімі төгілді.
Бір шәугім шай – бөлінбеген еншісі,
Қимас жандар той ететін төргі үйді.
Сенде мәңгі баба ескерткіш, мазары,
Қазыналы қарттарым мол ғажабым.
Алтын ауыл бұзылмаған қаймағым,
Бесігіңде тербелсінші қазағым.
Туған жерім –
Алтын бесік Айдарлым,
Күннен ыстық, ажарлысың Айдан мың.
Жерұйығым,
Құдіретіңе бас иіп,
Қасиетті топырағыңнан айналдым!





Пікір жазу