Өзім жайлы
Талдыда тал бесігім тербетілген,
Тай мініп, арғы бетте ержетіп ем.
Қандағы өнер қозса төкпелетем –
Төресі текті сөздің терме тілмен.
«Өзге емес өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында».
Кеудені кернеп тұрған осы әуенмен,
Күйімді Қасымдайын қозғайын ба:
Бай Суан. Мен – Рақыштың Дәнешімін,
Күзеткен бала жастан ән есігін.
Біреудің арманымын қол жетпестей,
Біреудің құлқы кеткен дәмесімін.
Рақыштың жыр саулаған қамшысынан,
Аталған ежелден-ақ «әнші суан».
Тәжіхан – анам да әнші, сүйекте – өнер,
Асығым түскен екен алшысынан.
Он жаста көзге ілігіп тарттым сырнай,
Дос таптым домбыраммен жатты сыйлай.
Он бесте сері атанып, сұлу сүйдім,
Қалықтап ерке күннің ақ құсындай.
Пендені өтпелі өмір мұңайтады,
Өлгеннің өнегесін тірі айтады.
Қазақтың құндылығы – «Қисметті»,
Ішінен мың жігіттің бірі айтады.
Ыбырай, Ақан сері, Қасым әнім,
Жайымды бүркеп қалай жасырамын?
Делебем қозып кетер өнер десе –
Әсетті – алты қырдан асырамын.
Болғанда Әсет ақын – сөз байламы,
Кеудемді күңірентіп қозғайды әні.
Ұстаздан шәкірт озған дауылпаздар,
Мәмет пен Қадырихан – көзге айғағы.
Жаңғыртып тау мен тасты үн шыға ма?
Бітелсе бұлақ көзі тұншыға ма?
Оралдым отыз үште туған жерге –
Алдымда күтіп тұрды мың сыбаға.
Өмірді өлең-жырмен өріп келдім,
Талайды арғы беттен көріп келдім.
Мұхтардың ақ батасы әнмен бірге,
Көгертті көсегесін көрікті елдің.
Өмірге келер әлі талай Дәнеш,
Есімде ару сүйген арайлы кеш.
Сайрамкөл жағасынан көз саламын –
Сағынып маған да бір қарай ма көш?..
«Дүние жалт-жалт еткен кең мекенім»,
Толқында тербетілмес кеме тегін.
Тапқаным, бар байлығым – өнер кені,
Мен әнмен бірге туғам...
Бір кетемін!
* * *
Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,
Жігіттің бұған құмар өнерпазы!
Күлімкөз, оймақ ауыз бір сұлуды
тағы да алсаң тауып айдын көлдің қоңыр қазы.
«Аңшының әні»
Жүйрік атты баптаған,
Қыран бүркіт баулыған,
Ұшқыр тазы мақтаған,
Ауыл шеті, таулы маң.
Таудан төмен құлайды,
Әппақ қарға малынып,
Жігіт қызға ұнайды,
Түлкі ішікті жамылып.
Жігіт құмар болады,
Бір сұлуға ажарлы,
Қызды ауылға қонады,
Қыздырады базарды.
Кілең жүйрік жорғалар,
Кербезденер, паңданар.
Домбыраны қолға алар,
Өнерпазға таңданар.
Төгіледі күй ағын,
Асқақтайды ән әсем,
Шарықтатып қиялын,
Жарасады. Бәрі әсем.
Ән-құдірет. Ән-кие,
Дәнеш шырқап сала ма?
«Аңшының бұл әніне» -
Құмарың бір қана ма?
Ән-құдірет. Ән-кие...