Сырласу
І.
Поэзия,
Ұлы ақынды сағындық Біз – ізде сен...
Бұлақтардан таба алам ба іздесем?
Егізіңнің мекенін айт бізге сен –
Жолын көрсет, қалай, қайтіп жүздесем?
Жолы қайда?
Қарасаз ба, барайын?
Шалкөденің жайлауына қарайын.
Салған шығар Хан Тәңірге сарайын –
Аңсап жүрмін шуағы мен арайын.
Ақынымды асып туған ғасырдан –
Қайыңды ма, Күрметі ме жасырған?
Шоғансайда із қалды ма асылдан?
Қыземшек пе дана даңқын асырған?
Жүрек от боп оранғанда жалынға –
«Сая болған емен, терек жанына...»
Аяулы арман... жылы ұшырап Үшқақпақ,
Елшенбүйрек шақыра ма маңына?
- Қарлығашым, келдің-ау, - деп қуанып,
Қарлы басын сілкіп тастар жыр Алып.
Ой сала ма Ойқарағай сырды алып,
Елесіне тастар болсам бұғалық?
Көлсай жаққа аттың басын бұрайын,
Тылсым табиғаттан оны сұрайын.
«Қалқам» деген үнін естіп тұрайын...
Жыры тұнған мөлдір суға құлайын.
Құлайын да,
тап-таза боп шығайын,
Мұң арылып, шырайланар шырайым.
Қыз да болсам...
Ақын жанын ұғайын,
Тербет мені, тербет мені, Жыр айдын!
ІІ.
Сыр жасырдым қауызына гүлдердің,
Көз тұнатын сырға сынды гүлдер мың.
Жыр жасырдым жанарынан аймалап,
Жамалына күндер менен түндердің...
Ақын көрдім ақиқатқа бет бұрған –
«Кел, болашақ! Өмір – мәңгі» деп тұрған...
Айналайын тағдырынан тұмарлы,
Ай қабағын бағып туған текті ұлдан.
...«Бір Күн шықса»,
мәңгі батар Күн көрдім...
Жыр бұрымын күндіз тарап, түнде өрдім.
Бесігімнен ою-өрнек, жыр көрдім,
Есіл күннен терең әжім, мұң көрдім.
Күрең күзде қарлы жаңбыр тоңдырған,
Жаз күнім аз сапарымды оң қылған...
Тәубе етемін,
ғұмырымның тұғыры –
«Үш бақытым» алақанға қондырған.
«Қара өлең» – маңдайдағы несібем,
Шайырлы елдің уайым жібін есіп ем...
Жыласам да сүйіп тұрам өкпесіз,
Бұлаң өмір ұнайды екен несімен?
Арманым көп, арманым көп аңсаған,
«Ән сал, жаным!» десе болды – ән салам...
Жанарымды жарық нұрға толтырып,
Әр таңымды күлім қағып қарсы алам.
Маржан қосам тізбегіне маржанның,
Түбі әйтеуір,
...үзілер деп арзан мұң.
Бір өлеңі – бір адамның тағдыры,
Жыр өмірі – жүрегінде әр жанның...
ІІІ.
Өмірге ғашық жүрекпен –
Сыйлаған елге мол бақыт.
Тамырын тағдыр бір еткен –
Табиғатымен толғатып.
Бұлағы – кәусар, мөп-мөлдір,
Тұмадай тұнып жырлары.
Аспаннан маржан төккен дүр –
«Өмірдастанда» сырлары.
Тау ұлы – таудан жаралған,
Биікте – оның тұрағы.
Мәңгілік нұрдан нәр алған –
Төгілер көктен шуағы,
сөнбейді ақын шырағы...
Сөнбейді ақын шырағы!