Қайрат ағама хат
Мен де армансыз...
Мен де ажалсыз...
Азатпын,
Мендегі мұң – Сіздің мұңдай азап мұң.
Ғажап мұң деп айту Сізге лайықты,
Бір білерім –
Қайсар қызбын! Қазақпын!
Иә, солай...
Намыс отын маздаттым!
Маған қымбат –
Азат елім, Азат күн.
Тек бір арман...
Он алтымда қиылдым –
Анасына айнала алмай қазақтың...
Назы дерсіз...
Ерке қыздың кезекті –
Өкінішім өртемейді өзекті.
Жаным – жібек, жалын еді жүрегім –
«тік мінезді» екен деген сөз өтті.
Жүрмін, Аға, жалғыз өзім жабығып,
Ай – серігім. Айдан тұмар тағынып.
Желтоқсаннан ұзап шыға алмадық –
Сіз көктемді, мен жазымды сағынып...
Анамды да ойлап қоям, Ардақты –
Ай,жылдарын мені ақтауға арнапты.
Түбі әйтеуір, жеңіп шықты. Шындық бар!
Білем... сезем...
Талай жандар алдапты.
Сіздің де, Аға, арманыңыз көп еді...
Терең ойды бал тамған тіл төгеді.
Ұланы едік Мойынқұм мен Жаркенттің –
«Ел деп, жер деп» көсегеміз көгерді.
Ай күзетіп, Ару сүйе алмаған –
Ағам менің «Ақтық сөзін» арнаған.
Сізге ғашық бүкіл қазақ қыздары,
Сізге риза баяны жоқ бар ғалам!
Бәрі разы.
«Бөрі мінез Бабалар»,
Алтын құрсақ, ақ жаулықты Аналар.
Бозторғайдай шырылдаған жаныңыз –
Сан мың ғасыр, сан мың дәуір бағалар.
Халық үшін құрбан жастық, жанымыз –
Биік әркез – Жігер, Намыс, Арымыз!
Айтыңызшы...
Қуандық қой қабірде –
Тәуелсіз боп атқан кезде таңымыз!
Бәрі арманда!
Көрмеген де, көрген де...
Біз тірілдік құлдық сана өлгенде.
Жүрегімді мұңлы ән-күй кернейді –
Сіз айтқандай, «Үн шығады көрден де».
Жоғалттым ба домбырамның тиегін?
Жалғаспады өнер жолы – киелім.
Мен бірақ та...
Бақыттымын дәл Сіздей:
«Сүтім – Қазақ!
Қазақ – менің Сүйегім!».