10.05.2022
  170


Автор: Гүлбақыт Қасен

Ғашықтық хаттардан үзінді

І.
Жігіт:
Бір сұлулық өзіне тартады да тұрады,
Құштарлығым сәт сайын артады да тұрады.
Жанарыңнан қашан да төгіледі шуағың.
Мендік жүрек сендегі көрінеді, шырағым.
Байызы сен төзімнің тызақ қаққан шырылдап,
Сыз береді бір сәуле ұзақ жақтан шымырлап.
Қыз:
Сағыныштың самалы еседі де тұрады,
Көкейімді ғашықтық теседі де тұрады.
Ақ жүзіңнен мейірім төгіледі нұр болып,
Мендік сезім сендегі өріледі жыр болып.
Таусылмайды шаттығым, көңілімде - қуаныш,
Бір өзіңсің, Алтыным, өмірімде жұбаныш!
ІІ.
Қыз:
Амансың ба, ардақты жан, қымбаттым,
Келіп тұр-ау тамаша әуен тыңдатқым.
Сен де мені аңсап жүрген шығарсың,
Әсем әннен көңілімді ұғарсың...
Ғашықтардан әсем ән мен жыр қалған,
Жанарымда жасырулы сырлы арман...
Өмірімнің нұрын Саған арнадым!
Көңілімнің жырын Саған арнадым!
Жігіт:
Менің сұлу, менің қымбат аяулым,
Сағыныштан жарылуға таяумын.
Әнің жетті әрін беріп әлемге,
Сейілетін түрі бар ма қаяу-мұң...
Таба алмаймыз тызақтаған жанға амал,
Тағдыр бізге тосты алдыға сан қамал.
Бәрі де арман... дүниеде жүргенде,
Тірлігің де, қарап тұрсаң, жалған ал...





Пікір жазу