Тірлік дәмі
І
Жалғанда жан бар ма Анаға тең келер?
Мейірім-шапқатын балаға тең бөлер.
Жұмақтың кілті де табаны астында,
Тірліктің көзі – өзі, өмірде – бас тұлға.
Көк аспан және Анам – ең алғаш көргенім,
Биіктік, мейірім сүйреген өрге мың.
Мәңгілік сәби боп өтер ем еркелеп,
Жалғанда жағыпар келмесе ентелеп.
Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары,
Көкейде уылжып әрқашан тұрғаны.
Анамның тілімен өмірді таныдым –
Дарыған бойыма өнеге, тағылым.
Анадан қабылдап инабат, әдепті,
Ою мен кестені үйрендім әдеткі.
Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы –
Әлемді әдемі етуге баулыды.
Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,
Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.
Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі –
Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.
Анамыз ұяда біздерді тосады,
Немере, шөбере бал үнін қосады.
«Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет!»-
деген сөз Құранда айтылған керемет.
Ананың алғысы – ақ нұры АЛЛАНЫҢ,
...Келемін тірліктің мен татып бал дәмін.
ІІ
... Әкемнің ақылы – санамды билеген,
Ойланып қаламын оңаша үйде мен.
Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,
Теректей тәкәппар, асқақтау күйге енем.
Орнаған ептеген үйде сәл қаталдық,
Ауылда «Ақшаның қыздары» атандық.
Аузында – иманы, қолында – құраны,
Бақытты болсақ деп, Әкеден бата алдық.
Ақсақал атанып, бір басын сыйлы еткен,
Асырап асықтай алты ұлын үйлі еткен.
Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға,
Серік боп жақсыға жүруді үйреткен.
Тым ерте жетім қап қиындық өткерген,
Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.
Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,
... Бүгінде қарайды томпайып бөктерден.
Мұра етіп төс, балға, ер-тұрман құралын,
Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.
... Сен тіккен отаудың еңсесі биікте,
Сөнбейді, әкетай, соңыңда шырағың.
Сөзіңді еске алып, ойларым бөлінер,
Сағынып, иісіңді көзден жас төгілер.
Өрімді қамшыңыз төрімнен түспейді –
Әлі де жөн сілтеп жатқандай көрінер...
* * *
Бақытымның ақ бастауы, қайнары,
Тағдырымның тәтті балы, қаймағы,
Сүю үшін Аллам берген арнайы –
Жаным балам!
Өмірімнің нұр шуағын, арайын,
Көңілімнің биік төрін, сарайын,
Өзіңе арнап, мен садағаң болайын –
Жаным балам!
Жаратқаннан
сана бер деп сұрадым,
суалтпауын тілеп Ана бұлағын,
өркен жайып, өссе екен деп құрағым!
Өйткені оны ақылды деп санаймын,
Әрбір ісін «даналыққа» балаймын:
Болашағы айбатты елден құлыным,
Қиын сәтте қайрат берген құлыным,
Жылағанда жұбататын «анам» деп,
Құлағанда тұрғызатын «панам» деп.
Шаршағанда қабағыма қараған,
Еңбегімнің еленгенін қалаған.
Мінбелерде сөйлеп тұрсам қуанған,
Сыйлық жасап, құшақ-құшақ гүл алған.
Тарыққанда жәудірейтін көздері,
Жабыққанда жігер берген сөздері.
Қартайғанда бағам дейді аялап,
Болам дейді қу жаныма саябақ.
Күнім менің!
Дәл осылай -
Мақтап кетсем қызаратын құлағы...
Бақытымның таусылмайтын бұлағы,
Өрнекті ой, жырларымның тұмары,
Ұлым менің!
Ұлылардың бір ұрпағы киелі,
Қасиетті домбырамның тиегі -
Анаң сені еркелетіп, сүйеді,
Ұлым менің!
Күнім менің!