10.05.2022
243
Гүл ғұмыр
Тағдырым менің – гүл әлем,
Өмірге ғашық бір әлем.
Тербеткен бесік әлдилеп –
Бауырға басқан жыр-әуен.
Өмірім менің – гүл үміт,
Жылт еткен сәуле, бір үміт.
Өлеңге өрнек салдырған –
Қуаныш-қайғым бірігіп.
Жолдарым менің – гүл арман,
Аяулы арман, бір арман.
Кестелі ою-ойларым –
Сағыныш жырдан құралған.
Күндерім менің – гүл дәурен,
Мәңгілік болмас бір дәурен.
Оралмай кеткен жастық шақ –
Аңсаумен өткен, жырлаумен...
Бақытым менің – гүл ғұмыр,
Жетпейді-ау жанға бір ғұмыр...
Бәйгеге тігер басымды –
Аламан ойлар, жыр дүбір.
Бұйырған Аллам нұр, бақыт,
Несібем менің –жыр-жаһұт.
Әдемі етіп әлемді –
Әрлеймін тынбай үн қатып...
Сүйікті болу – шын бақыт!