10.05.2022
  127


Автор: Гүлбақыт Қасен

Жарымын Жыр атты қағанның...

Сезбеймін сиқырын ғаламның –
Тағдырым ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем өлеңнің,
Жарымын Жыр атты қағанның.
Сөзімнен соғамын жыр мүсін,
Бедерлеп ұлылық үлгісін.
Мен мәңгі берілдім Музаға...
Сен мені таба алмай жүрмісің?
Адалдық танытам жырыма,
Қанық бол тұңғиық сырыма.
Жүректі шыңдаймын болаттай –
Төзуге тағдырдың сынына.
Тосыннан қинайды сын деген,
Сондайда жазасың мұңды өлең.
Жаныма араша ар-намыс,
Қаныма жат қылық сіңбеген.
Мен Айға ұмтылам қалайда,
Сен мені іздеме, жарай ма?..
Нұр болып оралам бір күні,
Айналған сәулелі арайға.
Өлең-жыр – өмірім, ардағым,
Жеткізер бақытқа арманым.
Тәуба деп оянам әр таңда,
Ақынмын. Құлымын Алланың.





Пікір жазу