Боздаған аруанамыз біздер деген
Құмаршық, құмбетеге, құралайгүл,
Жан қалқам жан жарамды сұрамай жүр.
Қайыпқа əн салдырған біздің Адай,
«Аһ» ұрып ат жалынан құламай жүр.
Оймауыт ойдым-ойдым, атжал қырым,
Қаратау хан-салтанат жатқан жырым.
Пыр-пырлап алқаракөк көлден кетті
Күйдірме шалғай қонып ақтан күнім.
Мен байғұс ақтан күйген ебелекпін,
Көз жасын көп жасырған көбелек күн.
Тобылғы, ырғай бұта ырымшыл ел
Ой матау, ойсылқара бөгелек түн.
Маталып қалың ойға шырғалданып,
Қайғымды қаймана көп жүр малданып.
Бас бөрік, қолы сынса жең ішінде
Сын айтып үндемейді сырғал халық.
Аспа шам, ай көрік түн барқадарым!
Көркіңе көзім тоймай шалқаладым.
Бабамнан қалған мұра Маңғыстау – деп,
Түбекті түгел құшып жарсаламын.
Көзайым көк пенен жер құлпырады.
Жұмақпен бұл өлкенің бір тұрағы.
Маңырап айыр тұяқ ақ табан жол,
Ақжолтай сүйіншілеп ұмтылады.
Ойламай олжа тауып қалта қамын,
Тыңдадым ұлттың мұңын, зар талабын.
Көрінген көкаттыға шашу шашып,
Жауды да жалғызымдай арқаладым.
Сеніммен ар-иманды құндақ қылған,
Бағзыдан бал-бал таспын жырлап тұрған.
Бəрібір бір омыртқам артық менің
Бойымды қол созамын ырғап шыңнан.
Дұға қыл, қолыңды жай молда құмға,
Айдай боп он төртінші толғаныңда.
Жатпайды үш жүз алпыс Əулие кеп,
Жер жайсыз, Ел киесіз болғанында.
Қаратау атасы күн, анасы құз,
Шынымен нұр-тектіміз шамасы біз.
Тін тартқан сіңір созып тарамыстан
Шыдаммен, қанағаттың баласымыз.
Бара ма адастырып із бағыттан?
Атады бар қызығын қызғанып таң.
Қырғиға өз жемсауын жарып беріп,
Сайрайды біздің торғай мырзалықтан.
Қайтемін шет шешімін, жат кесімін,
Нарқым сол – нартаулардың нақ төсімін.
Отпан тау!..Адай ата-Қарашаңырақ,
Алаштың тербетіп тұр ақ бесігін.
Толғатып Пір Бекетті тапқан елміз,
Мың шырақ мұнараға таққан елміз!
Ұлықтап Алты Алаштың ар-намысын
Адаймыз!..Ұранотты жаққан елміз!
Құшақтап ен Қазақты от жүрекпен,
Көңілге көк көгершін жетті көктен.
Ардамыз!..Алаңсызбыз!..Жаным жайсаң,
Жау келсе жалаң қылыш кескілескен.
Көкбөрім көкке ұлып сілкінеді,
От құшақ Отпан таудан жыр түледі.
Киесі Алты Алаштың – Адай Ата,
Қазақтың қайысқанда бір тірегі.
Қашанда ел бірлігі ырыс басы,
Отпан тау, ордалы жұрт ұлыс басы.
Мысалы: Алты алаш – алтын жүзік,
Жүзіктің Адай Ата – күміс қасы.
Туыспын тура сөйлеп келгендерге.
Ақ сөйлеп, адал жүріп сенгендерге.
Мен оған жүрегімді жастық қылам
Бауырын төсеп жүрсе ел мен жерге.
Ұл қандай, ұяң басқан қызың қандай,
Қызғалдақ қызға айналып сызылғандай.
Мастанып Маңғыстауға қарай берем,
Түнемел қымыз ішіп қызынғандай.
Еселеп епіршігін бал шұбаттың,
Үзіктен жұлдыз болып тамшылап түн.
Телміріп темірқазық көктен қарап,
Қойкөз оқ қорғасындай балқымақпын.
Отпан тұр талшын талдай көктен күліп,
От жағып ошақ сайлап кеткен біліп.
Қорқыт күй, қобыз ішек сарнама жел
Тағдыры біздің елдің неткен қызық.
Құм шағыл, түлкі бөрік, бөкен жарғақ,
Жанымды жанған отқа жетем жалдап.
Бір көрмей Маңғыстауды өмір сүру,
Ес білген ен Қазаққа бекер болмақ.
Қалнияз, Қашағанмын жырмын бөтен!
(Болады енді саған кіммін десем?..)
Жарысып көкмойнағы құландармен,
Дүркіреп бара жатыр дүлдүл мекен.
Көшкен бұлт, ескен самал, жасын жігер,
(..Бұлттансам бұл бір сырын жасырды – дер.)
Басыма мұнаралар шырақ жаққан,
Айбергенов айтқандай бəсімді бер.
Мен болсаң, Мен де онда Сенмін аға!
Антқа-ант, сертке семсер бергін аға!
Күзеткен қарашаңырақ, ұлы ошақты,
Қазақтың нағыз ұлы Менмін аға!
Мінеки, төгіп салдық ақтан жыр ғып,
Үнімді сай сімірді, шатқал қылғып.
Алаштың бір баласы Адаймыз – деп,
Есімін Ер Бабаның мақтан қылдық!
Əке ме!? – Хақтан үкім, жарлық дара!
Ұмытпа əке атын қалғып бала!
Ұлт қылған ұран салып мына бізді,
Жасасын барлық ата, барлық баба!
Өзің біл Маңғыстауды қалай ата,
Ақ шейіт, жатыр, əне, талай ата!
Ақ Бекет, сан сахаба, мың əулие,
Отпанда жер иесі – Адай Ата!
Тіз-көген тізеліктен шідерлеген,
Жанымды жарау едім жыр емдеген.
Есімін Ер Адайдың тауға апардық,
Ақ киіз,Теке-Жəуміт кілемменен.
Көшпедім əн сандықтап, теңдемей жыр,
Бұл күнде кім қайысып «Ел» – демей жүр.
Қарайды қайып тігіп ақ көйлегін,
Тік жаға, жібек шапан, желбегей қыр.
Тұрады қыдыр дарып, ырыс қарап!
Кең орда керегелі тыныс ғажап.
Алтын құм, жез жебелі, боз көделі,
Ақбоз үй, жез босаға, күміс шабақ.
Тылсым қыр, төрткүл төбе дөдегелі,
Құдайдың қолы қандай шебер еді.
Асынып бес қаруын біздің шалдар
Сар желіп, сағым кешіп жөнеледі.
Сай қолат, қайнар бұлақ неткен желек.
Тамағын су сұрайды бөктер кенеп.
Қойтасы, құлпы тасы құран жастап,
Тілейді Хақтан қайыр, көктен көмек.
Жан сырын жақпар тасқа берген келіп,
Ақ бұйда Асан қайғы желмен желіп.
Тарихтың шындығынан тату үшін,
Кетіпті жүз милеттен керуен келіп
Көңілім күннен жарық кірлемейді,
Туған жоқ тура биде тіл не дейді.
Астында Қаратаудың қалың тарих,
Келемін Ман-Атадан1 бірге дейді.
Салулы үй, салқам төре сарай деген,
Хан-халық қақпасына қарай берем.
Тарихқа күйме жегіп келіп тұрмын,
Қазаққа өз шындығын қалай берем!?
Жатады бастау алып іздер менен,
Із кессе табысармыз сіздерменен.
Нəр алған боз жусанның тамырынан,
Боздаған Аруанамыз біздер деген.