Қалнияз жыраудың көші
Құлаған құздан құлжасың,
Жаһанға сыймай бір басың.
Қан кешіп жүріп толғаған,
Сендей болмақ ұлға сын.
Жараңды ұлып жаладың,
Қайғысын көрдің қараның.
Патшаның көрдің ойранын,
Қан құсып жатты алабың.
Қан-қан да болды терлігің,
Терлігін сүртпей келді ұлың.
Алдынан шығып
Əруақтың,
Жыладым үнсіз мен бүгін.
Ерлерде намыс от барда,
Көш түзелді тоқтар ма?
Дəуірмен қайта қауышты,
Ордалы халық От-Манда!
Алтын-ды күйме жыр көші,
Сөгілмей келген іргесі.
Жұмаққа болды бергісіз,
Маңғыстаудың бір кеші.
Неше бір ұлыс, ұлты жүр.
Тіктелді қайта бір тұғыр.
Қаратауда Қалнияз,
Қарашы көкте бұлты жүр.
Күмбір-күмбір күймелі,
Айтып жатыр күй нені?!
Қобыз сарнап қолтықта,
Жүректі өксік түйреді.
Дегелек ұшты делбеңдеп,
Қаз-үйрек ұшты қалбаңдап.
Шүйілді қыран көктен кеп,
Жапалақ ұшты жалбаңдап.
Жамалы күннің жамырап,
Құм шағылдар аңырап,
Бекеттің Пірлі тауынан,
Келеді құлжа маңырап.
Өз ұлы – енді, өз бағы,
Көрерге керек көз-дағы.
Маңғыстауда Қаройдың,
Желіні иіп боздады.
Кеудесін Ерлер керіп жүр,
Əруақтар самсап еріп жүр.
Көтеріп басын Ер Досан,
Исаға хабар беріп жүр.
Наркескен қылыш сынбаған,
Қалнияз келді Жыр-Бабам!
Неше бір Ердің сойы тұр,
Қылышын қанға сырлаған.
Қаройда қалың қол жатты.
Өреуіл-өткен жол жатты.
Бестөбеден Ер Қосай,
Батасын беріп Ол жатты.
Неше бір сұлу салқам-ай,
Халалдан болған қалқам-ай!
Ел біріксе көңіл шат,
Айтылар əлі əн талай.
Жаудың құтын қашырған,
Бесқаруын асынған,
Анау бір тұстан көрінді,
Атағозы, Ер Лабақ,
Есен-Сүгір, Ер Шабай!
От-Манға келді Қалнияз –
Ол да бақыт білгенге!
Баталы-байрақ іргеңде.
Шүкірлік ет те
Дұға қыл,
Аздырған жау мен тілге ерме?!
Жан жетпейді жақынға.
Салып көр халқым ақылға.
Ер Адай мен,
Пір Бекет,
Үш жүз алпыс Əулие,
Ерулік берді Ақынға,
Қалнияздай Батырға!
Жақсыға келмес сенгісі,
Жігері қара жер кісі.
«Жақсының ісі жария» –
Елдігіңнің белгісі!
Құтты болсын құрмалың,
Құралып басты бұрғаның.
Құдайдан тілеп Қалнияз –
Жатар да жебеп ұлдарын!..
Күндей шалқып ұл жүрді,
Күңкілдесіп тұл жүрді.
Отпанда жағар отыңа,
Тамызық қылдым бұл жырды!