Еңсеңді көтер, Қаратау
Қара бұлт Қаратауға шығып алды,
Қаранар көзбен боздап тұрып алды.
Қайысып қаптың суы қақ жарылып,
Жар таста жан ағамның мұңы қалды.
Жел жоқтап жез бұйдалы қия басты,
Бақ тайып бал пернеден күй адасты.
Баласы ақ сұңқардың мезгілсіз кеп,
Мекендеп Қамысбайды1 ұя басты.
Кімдердің жұтпай жатыр жолын ғайып,
Мысалы: өмір – өксік, көңіл – майып.
Бір Алла артын қайыр қылсыншы – деп,
Күрсінді қарт Маңғыстау қолын жайып.
Келмесін Ақтұнжырдың біліп енді,
«Аһ» ұрды айдан қалақ іліп енді.
Басында əр төбенің бір əулие –
Мың мешіт дұға жасап күңіренді .
Бөз шағыл, аппақ торғын жатыр далам,
Əр тағдыр – бір-бір жебе атылмаған.
Аңырап адырнасы қалар бір күн,
Ғайыптан қол созғанда ғапыл ғалам.
Бел байлап, берен қайрап бекін қырға,
Ен жайлап ел жусайды есіл жырға.
Еңсеңді көтер енді, – Қаратауым!
Етекте ел-жұртыңды жетім қылма.
Өткен күн өрттен ыстық от шырайлы,
Ажал мен жерге тойым жоқ сыңайлы.
Алтынды тістеп сынар адам байғұс,
Алла да сүйген құлын көп сынайды.
Бір ноқат Қамысбайда қалды нүкте,
Толтырып қаратаудай жанды жүкке.
Қамықпа, Əбіш аға, балапанын
Маңғыстау əлдилейді мəңгілікке.
Көз шылап, көңіл жылап таң жүдеді,
Мұң басып, мұнарланып жан жүреді.
Қайта соқ қалыбыңнан нұрыңды шаш
Халқымның дүрсілдеген қан жүрегі.